Алдымен, Qazaqsha Quiz-ден бастау алған интеллектуалды сайыс қатысушылары ғылым, тарих, логика, музыка, кино тақырыптарымен қоса, өз салалары – мұнай-газ тақырыбына қатысты сауалдарға да дәл, ұтымды, қызықты жауаптар ұсынды. Бұдан соң, ашық аспан астында, таза ауада ұйымдастырылған сайыс та бір мүдде, бір мақсатқа жұмылған жастарға ұмытылмас сәттер сыйлады.
Кейін «Қаржылық тәуелсіздік» және «Өзіндік тиімділікті арттыру арқылы кәсіби жетістікке жету жолдары» тақырыбындағы салалық спикерлердің тренингтері де ембілік жастардың заман ағымына сай, қажетті білімді игерулеріне мүмкіндік ашты.
Ал, қорытынды шара барысында түрлі жағдайлар туындаған кезде тығырықтан шығу, аудиториямен жұмыс жасау, баспасөз конференциясын өткізу сынды қабілет-қарымдарын шыңдаған жас мамандар белсенділік таныту, ой-тұжырымды дәл жеткізу, сауал жолдау, резонансты жағдайларды оңтайлы шешу секілді мәселелерді де еңсере білді.
Екі күндік іс-шараның соңғы кезеңінде «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Елеусінов жас ембіліктермен бір толқында әңгіме өрбітіп, лауазымдық жетістіктерге жету жолына қатысты қатысушылардың сауалдарына жауап берумен қоса, Компанияның алдағы жоспарлары, кен орындарының қазіргі ахуалы секілді мәселелерді «Кешкі шәй» форматында ұйымдастырылған ашық сұхбат алаңында талқылады.
Сонымен қатар, Ембі жастары доп тебуден шеберліктерін шыңдап, ептілік танытқандар сыйлыққа ие болды.
Ал, ең басты марапат иелері – өндірістегі процестерді ілгерілету, кәсіпорынның әлеуметтік- тұрмыстық мәселелерін шешу мақсатында жас кадрлар арасында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары. Ұсынылған көптеген жоба арасынан үздік 3 жоба авторлары анықталып, дипломмен марапатталды. Олар – Сержан Аязбаев, Әли-Мұхаммед Шағыраев және Нияз Смаилов (жоба авторы – Нұртас Бекболатов). Бұған қоса, 6 қатысушы түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Сахна төріне шыққандардың барлығына «Жобаларды басқару» тақырыбындағы семинар-тренингке жолдама берілді.
Айта кетейік, Жас мамандар күні – «Ембімұнайгаз» АҚ дәстүрлі шаралараның бірі. Биыл 4 рет өткізілді. Қызметкерлерді басқару және енбекке ақы төлеу департаментінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шара қатысушыларының басым бөлігі – Компанияға жаңадан жұмысқа алынған мамандар. Сонымен қатар, қарапайым жұмысшы мамандық иелеріне басымдық берілген.