Шараға арнайы дәріскерлер шақырылып, 2017 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларында жұмыс өтілін жинауды бастаған тағылымгерлерге жөн сілтенуде. Қор қамқорлығы арқасында 20 ай бойы түрлі дағдыларды игерудің тамаша мүмкіндігін иеленген олар өз кезегінде кәсіби шыңдалу жолында көрген-білгендерімен бөлісіп жатыр.
Мәселен Айжан Кәкенова есімді бағдарламада бақ сынаушы жас қос ротация кезінде де ірі ұлттық компаниялардың HR-бөлімшесінде өрісін ұзартқан. Озық үлгілі кәсіпорындарда ІТ-технологиялармен тереңірек танысқан Әділ Әбдіханов пен Ернат Әбеуов өзге де ниеттестерімен бірге SOS балалар қалашығы тәрбиеленушілеріне әлеуметтік қолдау іс-қимылдарын ұйымдастырған. Жарқын Сәрсенғалиев «Шалқия Цинк ЛТД» кен орындарындағы бизнес-үдерістермен айналысу оңайға соқпағанын жасырмайды. «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясындағы жоспарлау жүйесі туралы Нәзия Сүлейменова әңгімеледі.
Жобаның тағы бір қыры, тағылымдамадан өтушілер Қор компаниялары тобындағы корпоративтік құндылықтарға бойлағандарын айтады. Атап өтерлік жайт, жобаға қатысушылардың басым бөлігі тәлімгерлердің дәнекер болуы арқылы өздерін ұжымның толыққанды мүшесі сезінгендерін растайды.
Жалпы, еске сала кетсек, бүгінгі таңда былтырғы топтан бөлек, биыл іріктелген жергілікті және шетелдік жоғары оқу орындарын тәмамдаған өскелең буын өкілдері де саналуан алдыңғы қатарлы өндірістер мен өңірлерде көкжиегін кеңейтуде.