Ембі жастарымен кездесуге келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттінінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Айнұр Еңсегенова мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров ел дамуына өзгерістер әкелетін «Жаңа формацияның көшбасшыларын» қалыптастыруды көздейтін іріктеу шарасы туралы кеңінен түсіндіріп, қатысушылар сұрақтарына жауап берді.
Қыркүйек айының 1-30 аралығында Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау басталатынын атаған сала мамандары бұл жобаның талантты жастар үшін әлеуметтік лифт екендігін айтып өтті.
Қатысушылар іріктеу кезеңдері, олардың өту тәртібі, жалпы талаптар туралы сұрақтарына жауап алды. Спикерлер биылғы іріктеудің өзгешеліктерін айта келе, жеңілдетілгенін де жеткізді, жобаға белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматтары алынады.
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның орталық басқару аппараты мен барлық өндірістік-құрылымдық бөлімшелерінде 600-ден астам жастар еңбек етеді. Олардың көбі - өндірісте.