Құрметті Алик Серікұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында көмірдің заманы келмеске кетіп бара жатқанын, сондықтан да эмоцияға берілмей, ақылға салып, елімізде атом электр стансасын (АЭС) салуды жан-жақты қарастыруды табыстады. Бұл жоба бұған дейін де айтылып, қоғамда әр түрлі пікірталас туғызып жүргені белгілі. Енді осы мәселені қайта көтеруге қандай не себеп болып отырғаны туралы әңгімені сіздің пікіріңізбен бастасақ.
Бұл мәселе техникалық тұрғыдан аса күрделі әрі қымбат жобалардың бірі болғандықтан, жан-жақты талқылауды қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы осы жоба туралы айта келе, көмір дәуірінің аяқталып келе жатқанын және дүние жүзінде энергия көздерін пайдаланудың жаңа үрдісі басталғанын қаперге салды. Демек бұл тапсырманың астарында қоғамды жаңа жағдайға бейімдеуге бағытталған үлкен қажеттілік тұрғанын байқауға болады. Енді осы қажеттіліктердің кейбіріне тоқтала кеткен жөн секілді.
Біріншіден, әлем халқын алаңдатып отырған ең күрделі мәселенің бірі – жер шарындағы климаттың өзгеруі. Мұндай өзгеріс біздің елімізде де орын алғанын байқадық. Мәселен, биыл еліміздің біраз аймақтарында қуаңшылық болып, бұл құбылыс халықтың тіршілігіне айтарлықтай кесірін тигізуде. Еуропаның көптеген елдерінде бұрын-соңды болмаған күннің ысуы орын алып, мыңдаған гектар орман алқабын өрт шалып, халық әбігерге түсіп жатқанын да көріп отырмыз. Оңтүстік Азия, АҚШ және Еуропаның көптеген елдерін топан су басып, сол елдердің экономикасына орасан зор зиян келіп жатқанына да куә болудамыз. Африка құрлығы мен араб елдеріне қар жауып, олардың тұрмысында да қиындықтар туып жатыр.
Аталған табиғи құбылыс соңғы жылдары жиі-жиі қайталанып, жер бетінде климаттың күрт өзгеріп бара жатқанының нақты дәлеліне айналуда. Дүние жүзінің жетекші мамандары бұл проблеманы соңғы 30 жылда мұқият әрі жан-жақты зерттеп, арнайы баяндамалар жасап жүр. Олардың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен жұмыс жасап келе жатқан халықаралық ғалымдардың арнайы тобының нәтижесін ерекше айтқан жөн. Осы халықаралық топтың 2014 жылы 6 баяндамасы жарияланып, онда жер бетіндегі температураның тез көтеріліп, соның салдарынан климаттың өзгеріп жатқаны және аталған келеңсіз жағдайлардың жер бетінде орын алып отырғанына адамзаттың жауапсыз тіршілігі себеп болып отырғаны ғылыми тұрғыдан нақтыланды.
Егер аталған үрдістерді тежеу үшін бүкіл әлем бірігіп күреспесе, ал жер бетіндегі температура 2100 жылға дейін тағы бір градусқа көтерілсе, онда біздің планетамыздың көп аймақтарында адамзаттың өмір сүруіне үлкен қауіп төніп, болашақтың бұлыңғыр болатыны ғылыми түрде дәлелденді. Міне, осы зерттеудің нәтижесі бойынша 2015 жылы Париж қаласында дүние жүзінің 197 елінің басшылары қатысқан үлкен жиын болып, Париж келісіміне қол қойылды. Бұл келісімнің негізгі талаптары бірнеше баптан тұрады. Ең бастысы, барлық елдер жұмылып, жер бетіндегі температураның көтерілуін 1850 жылмен салыстырғанда 2100 жылға дейін 1,5 градустан асырмауға атсалысуы тиіс.
Оған қол жеткізу үшін бірінші кезекте бүкіл әлем көмір пайдалануды, одан кейінгі кезеңде мұнай мен газ ресурстарын қолдануды күрт азайтуы керек. Сондай-ақ энергияның жаңартылатын түрлерін кеңінен пайдалануға жол ашып, энергияның барлық көздерін тиімді пайдалануды өмірдің тәртібіне айналдыруға міндетті. Ауадан көмірқышқыл газдарын сүзіп алатын технологиялар мен басқа да шараларды кеңінен пайдалануға көшу де маңызды міндет ретінде аталған. Осы тұрғыда жер бетін барынша жасыл желекке бөлеу де ерекше маңызы бар екені ескерілген.
Осы жиыннан соң әлемнің жетекші мемлекеттері қысқа мерзімнің ішінде арнайы Стратегияларын қабылдап, 2050 жылдан бастап көмірсутегі ресурстарына (көмір, мұнай, газ) бейтарап болатындықтарын немесе сол кезеңнен бастап аталған ресурстарды тіршілікте пайдаланудан бас тартатындықтарын жариялады. Өйткені климаттың өзгеруіне кен отындарын тіршілікте мейлінше көп пайдалану себеп болып отырғаны белгілі.
Бұл жиынға Қазақстан да қатысып, Париж келісімін қолдағаны белгілі. Осы келісімнен шығатын міндеттерді нақтылай келе, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан экономикасының 2060 жылы көмірсутегі ресурстарына бейтарап болатынын жариялады. Демек, біздің еліміз де әлемнің басқа мемлекеттері секілді, бірте-бірте көмірсутегі ресурстарын тіршілікте пайдалануды азайта отырып, 2060 жылдан бастап олардан мүлдем бас тартуы қажет. Бұл, әрине, тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл дүние жүзіне оңай шаруа болайын деп отырған жоқ. Себебі, қазіргі таңда әлем экономикасы жылына 7,5 миллиард тонна көмір, 4,5 миллиард тонна мұнай, 4 триллион текше метрден астам газ пайдаланып отыр. Бірақ адамзаттың басқа амалы жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «көмір дәуірі келмеске кетіп барады» деген пікірінің астарында 2015 жылы Парижде қабылданған келісімге байланысты жер бетіндегі тіршілікті сақтау үшін әлем елдерінің, солардың ішінде Қазақстанның алдында да көмір пайдаланудан біртіндеп бас тарту міндеті тұрғанын байқау қиын емес.
Екіншіден, ТМД аумағындағы мемлекеттер арасында ауаны ластау жағынан Қазақстан алдыңғы қатарда тұр. Біз электр қуатының 68 пайызын көмірді пайдалану арқылы алып отырмыз. Соңғы жылдары бұл салада газдың үлесін 20 пайызға дейін, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 3 пайызға дейін өсірдік. Әрине, бұл – жақсы үрдіс. Ал Ресей электр энергиясының 50 пайызға жуығын атом электр стансасы мен су электр стансасынан алады, газды 23-24 пайызында пайдаланады. Демек Ресей электр қуатының 70 пайыздан астамын энергияның таза көздерінен алып отыр. Көршілес Өзбекстан да энергия өндіруде 80 пайызын газ және басқа таза энергия көздерін қолданады. Соңғы жылдары бұл елде экономиканың қарқынды өсуіне байланысты энергия тапшылығы байқалып отыр. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін Өзбекстан мемлекеті атом стансасын салуды қолға алды. Ал Қырғызстан энергияның басым бөлігін су ресурстарынан алатыны мәлім.
Қазақстан экономикасы жылына 400 миллион тоннадан астам көмірқышқыл газын ауаға шығарып жатыр, оның басым бөлігі электр энергиясын өндіру мен халықты жылумен қамтамасыз ететін салаларға тиесілі. Біздің елімізде халық санының өсіп, экономиканың қарқынды дамуы да парник эффектісіне себеп болатын көмірқышқыл газының көлемін ауаға шығаруды жыл сайын өсіруге себеп болуда. Соның салдарынан біздің елімізде де дүние жүзіндегі секілді климаттың өзгеруі үздіксіз жүріп жатыр.
Мысалы, соңғы 100 жылда жер бетінің температурасы 1 градусқа жуық көтеріліп, әлемді әлекке салып жатса, ал көп жылғы зерттеулердің нәтижесі бойынша Қазақстанда әр 10 жылда температура 0,28 градусқа немесе 35 жылда 1 градусқа көтерілуде. Соның салдарынан өзен-көлдерде су тартылып, көп жеріміз шөлейтке айналып барады.
Егер біз еліміздегі экологиялық жағдайды түзеуге бет бұрмасақ, онда 2100 жылға дейін елімізде температура 3 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Бұл жағдай ел экономикасы мен халықтың тұрмысына орасан зор зиян тигізері айтпаса да түсінікті. Сондықтан климаттың өзгеруін қатаң бақылап, жағдайды реттейтін тиісті шараларды жылдамырақ іске асырған жөн. Егер біз көмірден және көмірсутегі ресурстарынан бірте-бірте бас тартатын болсақ, онда олардың орнын қандай энергияның көзімен толықтырамыз деген сұрақ туындайды. Осы тұрғыда бірінші кезекте энергияның жаңартылатын көздеріне көшкен орынды көрінетіні айқын. Алайда күн сәулесі мен желден алатын энергия көздері тұрақсыз болатынын ескерсек, олардың жуық арада энергияның негізгі көзіне айналуы өте қиын.
Сондықтан энергияның басқа да тұрақты көздерін қарастырған жөн. Осы айтылған жағдайларды ой елегінен өткізе келе, болашақта атом энергиясын пайдаланған да орынды болатынын естен шығармау керек. Меніңше, Мемлекет басшысының айтқан тапсырмасының төркінінде осы аталған проблемалар тұр. Сондықтан бұл тапсырманың шешімін алдағы кезеңде энергияның жаңа әрі экологияға зияны жоқ көздеріне көшудің өмірлік қажеттілік болатынын ескере отырып, жан-жақты талқылап барып, ақылмен шешкен жөн.
Биылғы аптап ыстық пен қуаңшылықты осы мәселемен байланыстыруға болады ғой?
Әрине, Қазақстандағы климаттың жылдам өзгеріп жатқаны температураның көтерілуімен тығыз байланысты. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары соңғы 10-15 жылда климаттың күрт өзгеріп, бұрынғыдай аяздың болмайтынын жиі айтатын болды. Биыл мамыр айының ортасында астана аймағында күннің кызуы 36-38 градусқа дейін, ал топырақтың температурасы 70-80 градусқа дейін көтерілгенін байқадық.
Соның салдарынан жер тез құрғап, егіннің шығуына кесірін тигізді. Оның үстіне, көктемде жаңбыр да сирек жауғандықтан, егіннің шығуы нашар болды. Енді алдағы кезеңде климаттың өзгеруіне байланысты биылғыдай қуаңшылық жиі қайталануы ықтимал. Ал жаңа жағдайға бейімделу қосымша ауқымды қаражатты қажет етері түсінікті. Себебі халық пен шаруашылықты сумен қамтамасыз ету біраз өңірде өзекті проблемаға айналып, нәтижесінде ішкі миграция да ұлғаюы мүмкін.
Сонымен бірге, астықтың шөлге төзімді жаңа сұрыпын шығару секілді мәселелер көптеп туындай бастауы мүмкін. Сондықтан экономикамыздың даму үрдісін таза экологиялық жолға қоймасақ, тіршілік етудің өзі қиындай берері анық. Мемлекет басшысы сан қатпарлы мәселеге қатысты тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін осылай қысқа да нұсқа күйінде жеткізіп отыр.
Жолдауда көмірмен жұмыс істейтін Алматыдағы жылу электр стансасын газға ауыстыру жөнінде де айтылды. Бұл тұрғындар мен көшедегі көлік барған сайын көбейіп келе жатқан қаланы экологиялық таза отынмен қамтамасыз ету көкейкесті міндетке айналғанын көрсетпей ме?
Алматы – еліміздегі халық ең тығыз орналасқан қала. Ол – бүкіл халқымыз үшін қымбат шаһар. Алматыдағы жылу стансаларының бәрі бұрын көмірмен жұмыс істеген, ал соңғы жылдары оларды біртіндеп газға ауыстыру басталды. Дегенмен әлі де бірнеше жылу орталығын газға ауыстыру күн тәртібінде тұр. Ол электр стансаларын газға ауыстырмай, Алматының экологиясын түзеу мүмкін емес. Қаладағы автокөліктің көбеюі де ауаның ластануына үлесін қосып жатыр. Берілген тапсырма шеңберінде Алматының жылу электр стансаларын газға ауыстыру мәселесі де – дер кезінде көтеріліп отырған орынды шаруа. Бұл мәселені ұтымды шешуге елімізде қазір толық мүмкіндік бар.
Экологиялық ахуалды дұрыстап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін Қазақстан аймақтарын газдандырумен айналысып жатырмыз. Бұл соңғы жылдары қарқынды жүруде. Халықтың 10 миллионға жуығы қазір осы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Нұр-Сұлтан қаласына «Сарыарқа» газ құбыры тартылып, соңғы екі жылда тұрғындарды газбен қамтамасыз ету бағытында көп жұмыс атқарылды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Биыл қосымша 140-150 мың адам газбен қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл істің де еліміздің экологиялық жағдайының жақсаруына тигізер әсері мол болады.
Көмір демекші, соңғы жылдары климаттық өзгерістерге орай, ауаны көбірек ластайтын қуат көздерінен бас тартып, жасыл энергияға, карбонсыздану процесіне (декарбонизация) көшу жөнінде көп айтылып жүр. 2020 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясы алғаш рет көмірқышқыл газын азайтатын өндірістік жоспары туралы сөз қозғай бастады. Бұған қандай себептер ықпал етіп отыр?
Соңғы жылдары әлемнің алпауыт мұнайгаз компаниялары климаттың өзгеруін шектеуге бағытталған Стратегияларын қабылдап, энергияның балама немесе жаңартылатын көздерін пайдалану жолдарын дамытуға айрықша көңіл бөліп жатыр. Қазір олар өздерінің жалпы инвестицияларының 5 пайызға жуығын жыл сайын осы бағытқа жұмсауды дәстүрге айналдырды.
Бұлардың арасында ерекше белсенділік танытып отырған Total, Shell, ExxonMobil, British Gas, Eni, PetroChina сияқты т.б. алпауыттар бар. Олардың алға қойып отырған міндеттері айқын. Айталық, Eni 2050 жылға дейін көмірқышқыл газы мен метанның ауаны ластауын 80 пайызға қысқартуды көздеп отыр. Chevron компаниясы 2050 жылға дейін көмірқышқыл газын 40 пайызға, ал метанның таралуын 53 пайызға дейін қысқартпақшы. Міне, осындай міндеттерді барлық мұнайгаз компаниялары қабылдап жатыр.
«ҚазМұнайГаз» – Қазақстандағы ең ірі ұлттық компания ғана емес, қазіргі таңда әлем нарығында өзінің орнықты орны бар және әлгі аталған дүниежүзінің бетке ұстар мұнайгаз компанияларының барлығымен серіктес, солармен бірге елімізде аса ірі жобаларды іске асырып келе жатқан компания. Сондықтан біздің ұлттық компания мұндай жаңа үдерістен тыс қала алмайды.
Оның үстіне, Президентіміз 2060 жылға қарай еліміз көміртегіге бейтарап мемлекет болатынын жария еткелі бері, біз бұл мәселені жіті зерттеп, осы маңызды шаруаны іске асыруда «ҚазМұнайГаз» компаниясы қандай бағыттарда жұмыс атқаратынын нақтылап, ортақ шаруаға қосатын өз үлесін жан-жақты пысықтап жатырмыз. Жалпы жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде.
Олар қазір нақтыланып, жыл соңына дейін дайын болатын біздің алдағы 10 жылға арналған Стратегиялық бағдарламаға енетін болады. Атқарылатын кейбір шаруаларды атап айтатын болсақ, онда біз өз өндірісімізде бірінші кезекте энергия көздерін тиімді пайдаланып, ауаны ластайтын газдарды ұстап қалуды кең көлемде жолға қоймақшымыз.
Одан бөлек, отандық мұнай-химия өндірісінде сутегі кеңінен пайдаланылады, сондықтан отынның ең таза деп отырған балама түрімен жұмыс істеуде біздің саланың қызметкерлерінің біраз тәжірибесі бар. Сондықтан осы жағдайды ескере отырып, отынның балама көзін өндіру мен пайдалануда да өзгелерге үлгі болатын ауқымды жобаларды іске асырсақ деген ойымыз бар.
Бұл бағытта жуық арада пилоттық үлгіде бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Ол жобалар туралы уақыты келгенде бөлек әңгіме қозғармыз. Осы тұрғыда реті келгенде айта кететін тағы бір үлкен мәселе бар. Ол – алдағы 5 жылда елімізде 2 миллиард түп тал егіп, еліміздің біраз аймағын жасыл желекке бөлеу туралы Мемлекет басшысының үндеуін қолдау шеңберінде атқарылатын шаралар. Тал егіп, елді жасыл желекке бөлеу біздің компанияның аталған стратегиясында ерекше орынға ие болып, қаржымен қамтамасыз етілетін болады.
Ғалымдардың тұжырымдамасына сәйкес, егілген әр тал 40 жылда 4 тоннаға жуық көмірқышқыл газын бойына сіңіріп алады екен. Тал отырғызу біздің компанияның бұл бағыттағы ісін жақсартуға үлесін қосатыны сөзсіз. Сондықтан бұл шаруа компанияда стратегиялық басымдылыққа ие болып отыр.
Қазақ мұнайының елеулі бөлігі Еуропаға жеткізілетіні белгілі. Сол кәрі құрлықта екі жыл бұрын Green Pact for Europe (Еуропаның Жасыл Пакты) атты құжат қабылданды. 2050 жылға қарай Еуроодақ елдерінде ауаға лас қалдықты мүлде таратпауды көздейтін осы Жасыл пакт Трансшекаралық көміртегіні реттеу (Carbon Border Adjusment Mechanizm) механизмін енгізуді көздейді. Былайша айтқанда, осы реттеу механизмі іске асқан кезеңнен бастап, Еуропаға әкелінетін барлық заттарға, солардың арасында мұнай мен газға қосымша салық салынғалы тұр. Бұл Ұлттық компаниямыздың болашақ қызметіне қалай әсер етуі мүмкін?
Сіз айтып отырған құжатты Еуропа Одағы 2019 жылы қабылдады. Артынша сол құжатқа сүйене отырып, Еуропа елдері 2050 жылы қазба отын көздеріне бейтарап болатынын нақтылайтын арнайы Стратегиясын қабылдады. Бұл құжатта экономиканың қандай саласы қашан көмірсутегі ресурстарын пайдаланудан бас тартатыны нақты көрсетіліп отыр. Құжатта энергияға деген сұраныстың басым бөлігін сутегіні пайдалану арқылы қол жеткізу көзделіп отыр. Өйткені ол – отынның бүгінгі күні ең таза түрі.
Сутегі мен жаңартылар энергия көздерін жаппай пайдаланып, көмірсутегі ресурстарынан бірте-бірте бас тарту қажеттігін барлық дамыған мемлекеттер қолдап отыр. Бүгінгі күні жылына 40 миллиард тоннадан астам зиянды газ ауаға тарап жатса, онда олардың 80 пайызы жетекші мемлекеттердің үлесінде.
Мысалы, оның 13 миллиард тоннаға жуығы Қытайдың, 5 миллиард тоннадан астамы АҚШ-тың, 1 миллиард тоннадан астамы Еуроодақтың үлесінде. Отынның таза түріне көшуді жетекші мемлекеттердің қолдауы климаттың өзгеруімен күресуде оң өзгерістер басталатынына деген адамзаттың сенімін күшейтіп отыр.
Әрине, отынның дәстүрлі түрлерінен бас тартып, оның жаңартылар немесе таза балама көздеріне көшу өте қиын болатынын жоғарыда айттық. Бұл – бүгінгі күні қымбат болып отырған озық технологияларға сүйене отырып, қол жеткізуге болатын шаруа. Жаңа технологиялар жетекші мемлекеттердің еншісінде екені бәрімізге анық. Сондықтан ол мемлекеттер экономикасы тұрақтап қалған немесе енді көтеріліп келе жатқан Қазақстан секілді мемлекеттерді озық технологияларды кең ауқымда пайдалануға мәжбүрлейтіні айтпаса да түсінікті.
Ол үшін бірнеше реттеуші механизмдерді практикаға ендіреді. Сондай механизмдердің бірі – сіз айтып отырған трансшекаралық көміртегі реттеу механизмі. Сол механизмге сәйкес, Еуроодаққа экспорт жасайтын кез келген мемлекет өз өнімінің экологиялық тұрғыдан таза екенін дәлелдеуі тиіс. Ал егер импортталатын затты өндіру Еуропада орналасқан өндіріспен салыстырғанда лас екені анықталатын болса, онда ондай өнімдерге қосымша салық салынып, бірте-бірте ондай заттардың Еуроодаққа келуіне тосқауыл қойылатын болады. Бұл, әрине, біздің экспорттаушы кәсіпорындарға оңай соқпайды. Сондықтан көптеген бизнес субъектілерін алаңдатып отыр.
Аталған реттеу механизмі 2023 жылдың басынан күшіне енеді деп жоспарланды. Алғашқы кезеңде бұл реттеу механизмі металл, алюминий, цемент, химия және тыңайтқыш заттарына қатысты болмақшы. Алдағы бес жылда мұнай өнімдерін реттеуде бұл механизм қолданбайтын болды, ал болашақта олардың да бұл тізімге кірері сөзсіз. Еліміздің мұнай өндірісі бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалу үшін осы бастан дайындалғаны жөн.
Тағы бір орайы келгенде айта кететін жағдай, жетекші мемлекеттердің арнайы қор құрып, экономикасы тұрақтап қалған елдермен озық технологиямен бөлісуді жоспарлап отырғаны. Бұл қордан қаражат алу үшін еліміздің бизнес өкілдері өз тараптарынан өндірісті жаңартуда белсенділік танытулары тиіс. Міне, осы секілді механизмдердің көмегімен жетекші мемлекеттер кен отын көздерін пайдалануды шектеп, дүние жүзі экономикасының жасылдануына ықпал жасамақшы.
Соңғы кездері ең тиімді әрі экологиялық жағынан таза энергия көзі ретінде сутегіні пайдалануды ұсынып жатыр. Осы саланың білікті маманы ретінде оқырмандарымызға сутегінің ерекшелігі мен дәстүрлі отын көздерін алмастыра алатын мүмкіндігі жөнінде айтып берсеңіз.
Бүгінде адамзаттың алдында тұрған бірнеше өзекті мәселе бар екенін жоғарыда бірсыпыра әңгіме еттік. Енді экология проблемасы мен климаттың өзгеруін былай қойғанның өзінде, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні кен отын көздері бітетіні анық. Қазір пайдаланып отырған отын көздері таусылса, адамзат не істеуі керек?
Біз бұған дейін кен отындарын пайдалану адамзаттың өміріне зиян, жер бетіндегі тіршілікке қауіп төндіріп отырғанын әңгіме еттік. Сол айтылған әңгімеден адамзаттың жер бетінде тұрақты тіршілік етуі үшін энергияның таза әрі шексіз көзі қажет екені туындайды. Қазіргі технологиялардың даму деңгейіне сәйкес энергияның шексіз көзі сутегі болып тұр. Себебі ол жер бетінде ең көп таралған зат. Сутегіні судан да, көмірден де, мұнайдан да, газдан да алуға болады.
Жер бетінің үштен екі бөлігі судан тұратынын ескерсек, онда сутегінің шексіз екенін түсінеміз. Сосын, оны қазіргі технологиялардың көмегімен пайдаланған уақытта еш зиянды зат бөлінбейді, тек таза су ғана шығады. Сондықтан сутегі энергияның ең таза көзі болып есептеледі. Дегенмен, сутегіні өндіруде де, сақтауда да, тасымалдауда да, пайдалануда да бүгінгі күні кездесетін көптеген техникалық қиындықтар бар. Ол проблемалардың барлығының техникалық шешімдері бар. Бірақ олар әзірше қымбат. Сондықтан ол қиындықтарды шешу үшін жетекші мемлекеттер үлкен қаражат бөліп, бүкіл дүние жүзінің озық ойлы азаматтарын осы саланың проблемаларын шешуге жұмылдыруда. Соның арқасында күн санап сутегіні тіршілікте пайдаланудың жаңа тиімді жолдары табылып жатыр.
Сутегі – Менделеев таблицасында бірінші орында тұрған молекуласы ең кішкентай әрі ең жеңіл газ. Мысалы, оның салмағы ауамен салыстырғанда 16 есе жеңіл. Сутегінің молекуласы өте кішкентай болғандықтан, ол көптеген материалдан жасалған ыдыстан (металл, шыны, пластик т.б.) өтіп кете алады. Сондықтан оны сақтау үшін арнайы аса қымбат заттардан жасалған ыдыс қажет. Бұл жағдай сутегіні сақтап, тасымалдауда едәуір қиындықтар тудырып отыр.
Сутегіні алудың да әр түрлі жолы бар. Бүгінде дүниеде пайдаланып отырған сутегінің 85 пайызын табиғи газдан алып отыр. Қазіргі кезеңде сутегінің басым бөлігі мұнай өнімдерін тазартуда, содан соң аммиак, азот тыңайтқыштарын алуда қолданылып келеді. Сутегіні тасымалдау қиын әрі қымбат болғандықтан, осы уақытқа дейін ол өндіріске қажет болған жағдайда, оны өндіріс орнының басында шығарып, сол жерде пайдалану дәстүрге айналған.
Энергия алу үшін сутегіні пайдаланған тиімді, себебі сутегінің бойындағы химиялық энергияны бірден электр қуатына айналдыратын арнайы қондырымдар бар. Оны отын элементі деп атайды. Отын элементін пайдаланып жылу, электр қуатын үлкен тиімділікпен алуға болады. Осындай технологиялық жетістіктердің арқасында сутегі болашақта энергияның негізгі көзіне айналғалы отыр.
Бүгінде одан бөлек отын элементтерін пайдалана отырып, табиғи газдан немесе балама отын көздерінен де электр қуатын алуға болатын технологияға қол жетті. Демек, болашақта адамзат бірте-бірте отын жағып, ауаны ластаудан мүлдем бас тартып, кез келген отынның химиялық энергиясын бірден электр қуатына айналдыруға көшері анық. Бұл жетістік энергия көзінің алмасуына үлкен септігін тигізіп отырған ең басты жаңалықтардың бірі екені даусыз.
Қазір отын элементтерін пайдалану кең жолға қойылып келеді. Мысалы, 2014 жылдан бері «Toyota» компаниясы сутегімен жүретін «Тoyota Mirai» атты автомобиль шығаруда. Бүгінде оның екінші толқыны шығып жатыр. Оның багіне небәрі 6 килограмм сияды және ол 500 шақырым жүруге жетеді. Қазір дүние жүзінің көптеген автогиганттары сутегімен не аккумулятормен жүретін электромобильдер шығаруға бет бұрды. Соның нәтижесінде 2030 жылға қарай автокөлік атаулының 50 пайызы электромобильге ауысады деген болжам пайда болды. Оған сенуге де болады. Ссебебі тек былтырғы жылы электромобильге деген сұраныс 37 пайызға өсті.
Жалпы Еуроодақ 2035 жылдан кейін жанармаймен жүретін автокөліктерді шығаруды тоқтатпақшы болып, арнайы стратегия қабылдап еді. Оған Еуропа халқының басым бөлігі қарсылық танытып, ол мерзімді 2030 жылға дейін қысқартуды талап етіп жатыр. Бірқатар елдер жанармаймен жүретін көліктерді қай жылдан бастап тоқтатынын да жариялап үлгерді. Мысалы, Сингапур мен Норвегия мемлекеттері 2025 жылдан кейін дәстүрлі автокөліктерді тіркеуді тоқтатпақшы, яғни электромобильге ауысу үрдісі дүние жүзінде басталып кетті.
Ірі мемлекеттер осы салаға қаржыны аямай салуды жоспарлап отыр. АҚШ президенті Дж. Байден Америкада сутегі көлігі мен электромобильдердің инфрақұрылымын жетілдіруге 3 триллион доллар салатынын жария етті. Сондықтан әлем түбегейлі өзгерістер алдында тұр деуге болады. Біз де осы үлкен көштен тыс қалмаудың жолын пысықтап жатырмыз. Мұның бәрі біздің болашаққа арналған жоспарымызда нақты көрінісін табады деген сенімдемін.
Сұхбаттасқан Срайыл СМАЙЫЛ
Дереккөз: «Жас қазақ» газеті