Мұнай-газ саласы – жоғары жауапкершілік пен дәлдікті талап ететін өндіріс. Бұл жерде әрбір операция, әрбір шешім және әрбір әрекет өндірістің қауіпсіздігі мен тиімділігіне тікелей әсер етеді. Осындай маңызды міндеттерді күн сайын абыроймен атқарып жүрген мамандардың бірі – «Өріктау Оперейтинг» ЖШС технологиялық қондырғылардың 5-дәрежелі операторы Ерлан Алшынбаев.
Ерлан Ертасұлы компания құрамында төрт жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол өзін білікті, жауапты әрі өз ісіне адал маман ретінде таныта білді. Оның негізгі міндетіне технологиялық қондырғылардың үздіксіз және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету, өндірістік процестерді бақылау, сондай-ақ барлық технологиялық талаптардың сақталуын қадағалау кіреді.
Мұнай-газ өндірісіндегі кез келген үдеріс жоғары дәлдікті талап етеді. Сондықтан оператор жұмысы тек техникалық біліммен шектелмейді. Бұл мамандық тәртіпті, төзімділікті, ұқыптылықты және әрбір детальға мұқият қарауды қажет етеді.
— Технологиялық қондырғылармен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр ауысымда жабдықтардың жағдайын бақылап, өндірістік процестердің белгіленген режимде жүруін қадағалаймыз. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – біздің жұмысымыздың ең басты қағидаты, — дейді Ерлан Алшынбаев.
Кәсіби қызметінде ол әрдайым білімін жетілдіруге және тәжірибесін арттыруға мән береді. Оның пікірінше, кез келген жетістіктің негізінде үздіксіз даму мен еңбекқорлық жатыр.
— Бұл салада табысқа жету үшін өз ісіңді жақсы көру керек. Әр күн сайын жаңа тәжірибе жинақтап, біліміңді толықтырып отырған маңызды. Еңбекқорлық, тәртіп және табандылық адамның кәсіби тұрғыдан өсуіне жол ашады деп есептеймін, — дейді маман.
Әріптестері Ерлан Ертасұлын сенімді, жауапкершілігі жоғары және командамен жұмыс істей білетін қызметкер ретінде бағалайды. Ол өндірістік міндеттерді сапалы орындап қана қоймай, қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға да өз үлесін қосып келеді.
«Өріктау Оперейтинг» ЖШС үшін әрбір қызметкердің еңбегі ерекше құнды. Компания өндірістің тұрақты жұмысы мен дамуына үлес қосып жүрген мамандарын мақтан тұтады. Ерлан Алшынбаев сияқты өз ісіне адал қызметкерлер кәсіпорынның басты байлығы әрі сенімді тірегі болып қала береді.