88 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен мұнайшы самбодан бөлек, қазақша күрес және бокспен айналысады.
Құрық ауылында туған Әмірбек спортты 10 жасынан бері серік етіп келеді. Бұған дейін талай рет ауыл, аудан, облыс көлеміндегі додаларда топ жарған. Биыл Жаңаөзенде өткен облыстық бокс бәсекесінің күміс жүлдесін қанжығалап, жауынгерлік самбо бойынша облыстық чемпионатта шашасына шаң жұқтырмады.
«Қызметім мұнай саласында болса да, жұмыстан тыс уақытымды жаттығуға арнаймын. Соның арқасында облыстық чемпионатта бағым мен бабым қатар шауып, жеңіске жеттім. Қарсыластар да осал болмады. Дегенмен артымыздан еріп келе жатқан жас толқынының мықтылығына риза болдым», – дейді Әмірбек.
Спортты серік еткен мұнайшы туған ауылының спортшыларына үнемі қолдау көрсетіп отырады. Шәкірт тәрбиелеумен ресми айналыспаса да, ауыл деңгейінде жекпе-жек ұйымдастырып, жас буынға үлгі болып жүр. Кен орнында Әмірбек сынды спорттың түр-түрінен биік белестерді бағындырып жүрген мұнайшылар бар.