«Міне, достар, Грозныйға да жетіп қалдым. 20 күнде 820 шақырымдай жол жүрдім. Әр ел мен қалаларды өзім үшін ашқан сайын өмірімнің мәні артып келеді», - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында. Ұлытау облысының тумасы Сәрсенбай Қотырашов Атыраудан 2 тамызда жолға шыққан еді.
Оның сапары үш кезеңге жоспарланған. Алғашқы маршруты – Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне бару. Бұл елдерді аралау үшін 100 күнде 3 мың шақырымға жуық жол жүреді.
Екінші кезеңдегі 180 күнде 9 шақырым жол жүріп, Түркия, Франция, АҚШ елдеріне саяхаттайды. Ал 130 күнге созылатын үшінші кезеңді АҚШ-тан бастайды. Қытай, Моңғолия, Ресей арқылы 4 мың шақырымды артқа тастап, Қазақстанға оралуды көздеп отыр.
Жаяу сапарын 2025 жылғы тамызда аяқтайтын Сәрсенбай Қотырашов екі жылда 16 210 шақырым жол жүруді мақсат еткен.
«Менің ұстанымым – саяхаттау ешқашан кеш емес. Әлем елдерін жаяу аралаған қазақ қариясының атын Гиннестің рекордтар кітабына тіркеп, әлемдік рекорд орнатсам деймін. Ең бастысы, бейбітшілікті насихаттап, жаһан елдерін ынтымаққа шақырғым келеді. Бұл жолғы жаяу саяхатым – өте жауапты сапар. Сол себептен әлем елдеріне саяхатымды сәтті өткізу үшін күніне 30-40 шақырымдай жаяу жүремін», - деген еді Сәрсенбай Қотырашов.