К 30-летию Независимости Казахстана | 17 мамыр 09:30

«Жайлы мектеп»: сыбайлас жемқорлыққа қалай тосқауыл қойылады?

Бюджет қаржысына жүзеге асырылатын кез келген ұлттық жоба мен бағдарлама әрдайым қоғам назарында болады. Өйткені, қаражат ұрланып, жобаның  сәтсіздікке ұшырау қаупі бар. Тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының операторы Samruk-Kazyna Construction компаниясында жұмсалған әрбір теңге қатаң бақылауда болады, ал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылады деп сендірді. Өйткені, оқушылар үшін сапалы әрі ыңғайлы оқу орындарын салу басты мақсат етіп қойылған.

Әсіресе, конкурстық рәсімдер қатаң бақылауға алынған. Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасының орынбасары Ғабит Малғаздаровтың сөзінше, мердігерлерді анықтауда ашықтықты қамтамасыз ету үшін арнайы платформа іске қосылған. Әлеуетті мердігерлер осы портал арқылы электронды түрде конкурстық өтінімдерін берді. Бұдан бөлек 44 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылды:

конкурстық комиссия - 13 адам; сараптама комиссиясы - 21 адам; бақылаушылар - 10 адам.

Бақылаушылар қатарында Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Атамекен» ҰКП және Астана, Ақмола мен Қарағанды облыстары әкімдіктерінің өкілдері бар. Оларға порталға емін-еркін кіру мүмкіндігі берілді.

«Бақылаушылар кез келген уақытта платформаға кіріп, құжаттарды жүктеп, салыстыра алады. Егер қандай да бір бұзушылықтарды байқаса, жазбаша түрде SK Construction компаниясына хабар береді. Біз кемшіліктерді дереу жоямыз. Әзірге бір де бір бұзушылық тіркелмеді, өтініштер түскен жоқ. Сондықтан конкурстық рәсімдердің ашықтығы қамтамасыз етілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылған деп санаймын», - деді Малғаздаров.

Құрылыс қалай бақыланады?

Осы жылдың ақпан айынан бастап арнайы ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл платформада онлайн режимінде жобаның қалай іске асып жатқанын бастан аяқ бақылауға болады. Онда жер учаскелерін бөлу, қажетті құжаттарды жинау сияқты барлық маңызды мәліметтер толтырылады. Мектептерді жобалау және құрылыс жұмыстарының кестесін қарауға да мүмкіндік бар. Егер мердігер үлгермей жатса немесе кешіксе, жүйе бірден хабардар етеді.

«Әрбір құрылыс алаңында 24/7 режимінде жұмыс істейтін бейнебақылау жүйесі орнатылады. Осылайша біз әр нысанды бақылай аламыз. Жұмыс жүріп жатыр ма, қалай жүріп жатыр, қауіпсіздік талаптары сақталып жатыр ма – бәрін көруге болады. Бұл ақпараттық жүйеде авторлық техникалық қадағалау журналдары да бар. Ол электрондық форматта толтырылады және ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Сондай-ақ, бас мердігер атқарылған жұмыс туралы есептерді толтырады. Біз барлық төлем құжаттары мен актілерді осында жүктейтін боламыз.  Осылайша, мердігерге қанша қаражат аударылғаны және бұл қаржыға нақты қандай шаруа тындырылғаны көрінеді», - деп түсіндірді Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасының орынбасары.

Конкурсты жеңіп алған компания қосалқы мердігерлердің құқығын шектеп жатқан жоқ па – осыны да бақылауға болады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды. Ал мердігерлерге аванс беру кезінде SK Construction әр компаниядан 10-50% дейінгі мөлшерде банктік кепілдік беруді талап етеді.

«Осы банктік кепілдікке ие бола отырып, біз бұл жобаның сәтті болатынына сенімдіміз», - деді Малғаздаров.

Компания оқу орындарын сапалы және уақтылы салу үшін құрылыста, оның ішінде әлеуметтік нысандарда үлкен тәжірибесі бар әлеуетті мердігерлер тобын анықтау қажет екеніне сенімді. Бұл конкурстық құжаттамада атап өтілген. Осы орайда, басты талаптардың бірі – әлеуетті мердігердің қаржылық тұрақтылығы. Ғабит Малғаздаров ірі компаниялардың сойылын соғу туралы түрлі алып-қашпа әңгімелерді жоққа  шығарды. Сөзінше, жоба сәтсіздікке ұшырамас үшін тиісті капиталы бар ірі компаниялар қажет. Ал шағын жеткізушілердің консорциумдарға бірігу мүмкіндігі бар.

«Егер конкурсқа қатысқыңыз келсе, жалғыз бару міндет емес. Біз осындай жеңілдіктер жасадық және конкурстық рәсімдерді өткізу уақытын ұзарттық. Яғни, бір ірі компания ғана емес, сонымен қатар бірнеше шағын компаниялардан құралған консорциум да болуы мүмкін. Лобби жоқ, бәрі ашық. Сондықтан біз ірі компаниялардың мүддесін қорғап жатырмыз деп айту дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды», - деп қорытындылады ол.