К 30-летию Независимости Казахстана | 25 тамыз 13:32

Жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы жіті қаралып жатыр

Желдету жүйесінен бастап модульдік-блоктік қазандықтарға дейін – 50 жобалаушы ұйым әзірлеп жатқан жайлы мектептердің ЖСҚ қызу талқылану үстінде. Samruk-Kazyna Construction Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовтың жетекшілігімен жобалау бөлімінің мамандары әр ұсынысты  қарастыруда.

«Егер жобалық-сметалық құжаттама сапалы әзірленсе, 2 немесе 3 қабатты ғимаратты көтеру техникалық тұрғыда қиын емес. Мектептердің ЖСҚ толық және барлық жағынан ойластырылған болуы тиіс. Жобалауда ұсақ-түйек деген болмайды»,- деді Басқарма Төрағасы жайлы мектептердің жобалаушыларымен өткен жиында.

Отырыста сумен қамту, кәріз, желдету және жылыту жүйелері бойынша сұрақтар егжей-тегжейлі қарастырылды. Нормативке сай келетін материалдарды таңдаудан бөлек өзге де факторларды есепке алу қажет.

Біріншісі – материалдар мен оның өндірушілеріне қойылатын талаптар. Кәсіпорын беретін кепілдік мерзімі 3 жылдан кем болмауы керек, сондай-ақ компанияның жеке немесе аутсорсинг бойынша қызмет көрсету орталықтары әр өңірде жұмыс істеуі тиіс. Бұған дейін материалдарды ұзақ пайдаланған қолданушылардың оң пікірі мен тауардың қажетті көлемде болуын да ескерген маңызды. Аталған бағытта егжей-тегжейлі талдау жүргізіледі.

 

Екіншіден, жайлы мектептерді жобалау кезінде аймақ пен климаттың ерекшеліктеріне, инфрақұрылымның даму деңгейіне аса мән берген жөн. Елді мекенде орталықтандырылған су және жылыту жүйесі болмаса, инженерлік коммуникацияларды тарту мәселесін қарастыру қажет. Оған қоса шалғай орналасқан әрі қысқы уақытта өркениеттен «ажыратылып» қалатын ауылды аймақтардағы мектептерді жанар-жағармайдың кем дегенде бір апталық қорымен қамту керек. Орталықтандырылған су жүйесі жоқ елді мекендердегі өрт қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. Мектеп аумағында өртке қарсы резервуалар орнатылады. Оның көлемі мектептің сыйымдылығына байланысты болады.

Жайлы мектептердің әр шаршы метрінде қауіпсіздіктің ең жоғарғы деңгейі қамтамасыз етілуі тиіс. Яғни, құдықтардың қақпақтары берік қорғаныс жабындысынан жасалып, құлыпталады, ал әр қабатта өрт сөндіру құралдары орнатылады.

«Жобалаушылар материалдарды таңдау кезінде қызмет мерзімін ескеріп, оның 10 жылдан кейінгі күйі қандай болады деген сұраққа жауап беріп қана бекітуі қажет. Тағы бір маңызды фактор – тартылған инженерлік желілерге мектеп аумағында қызмет көрсету мүмкіндігі. Егер біз ағынды суларды тазарту жүйесін орнатсақ, биологиялық тазарту  мәселесін де біржақты етуіміз керек», - деп атап өтті Samruk-Kazyna Construction басшысы.

 

Отырыс нәтижесі бойынша Samruk-Kazyna Construction жобалау бөлімі мамандары жобалаушы ұйымдарға ЖСҚ түзеп-толықтыру бойынша бірқатар кеңес берді. Жайлы мектептердің жобалары өз атына сай болған жағдайда ғана, мемлекеттік экспертизаға бағытталмақ. Оң қорытынды алынғаннан кейін білім ошақтарының құрылысы басталады. Айманбетов жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқуға болмайтынын тағы бір мәрте ескертті. Осы орайда Samruk-Kazyna Construction мен мердігер ұйымдар арасында қосымша келісім жасалады. Құжатқа сәйкес құрылыс компаниясы әр ауытқуды өз қаражаты есебінен түзетуге міндеттелмек.