К 30-летию Независимости Казахстана | 14 желтоқсан 09:23

«Жайықмұнайгаз» бас технологы «Құрмет» орденімен марапатталды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ембімұнайгаз» АҚ «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бас технологы Жәнібек Сағындықов «Құрмет» орденімен марапатталды.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Еліміздің экономика саласында табысты еңбектерімен ерекшеленген азаматтарды KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев бейнеконференция арқылы құттықтады.

Ембілік мұнайшыға мемлекеттік марапатты емг Басқарма төрағасы Есен Қайыржан табыс етті.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай жоғары марапатқа ие болуым – әріптестерімнің де ортақ табысы. Бұл – бірлескен еңбектің нәтижесі. Еліміздің экономикасының басты күретамыры саналатын мұнай-газ саласында еңбек етіп, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосу – мен үшін мақтаныш», – дейді «Құрмет» орденінің иегері «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бас технологы Жәнібек Сағындықов.

 

Жәнібек Бердібекұлы 37 жылға тарта уақыт өтілінде қарапайым мұнай өндіруші операторлығынан бастап, әр түрлі лауазымдарды абыроймен атқара білді.

Жиын барысында Компания басшылығы жоғары мемлекеттік марапатқа ұсынылған ембілік мұнайшыға құрмет көрсетті.