Үш кезеңнен тұрған сайысқа барлығы 9 команда қатысып, алғашқы екі кезең үш-үштен топтастырылған командалар арасында өтті. Ал, финалда барлық қатысушылар бір алаңда жиналды.
Тұщықұдық әкімдігі, Халық банк, Аққыстау орта мектебі, Ш.Шәріпов саз мектебі, Жалын мәдениет үйі, Аудандық аурухана, Дербес бөлімдері құрамалары арасында өткен тартысты додада қатысушыларға әр салаға қатысты сауалдар қойылып, тарих, салт-дәстүрлерді еске түсірсе, тың технологияның жетістіктерін жариялап, өзге ұлттардың жұмбақтарын да шешті. Бір сәт әлемдік сурет өнерін зерделесе, аймақ тарихын да таразылады.
Жеңімпаз болып танылған «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасы командасының құрамында Есептеу және есеп жүргізу бөлімінің 2-санатты бухгалтері Ерқанат Балмурзин, №1 мұнай-газ өндіру цехының мұнай-газ, конденсат өндіру шебері Дастан Әділбекұлы, Құрылыс бөлімінің құрылысты қадағалау жөніндегі жетекші инженері Қанат Дүйсембаев, Құрылыс бөлімінің құрылысты қадағалау жөніндегі инженері Азамат Балабаев, Көлікпен қамту тобының 1-санатты көлік жөніндегі инженері Бауыржан Құрманғалиев қатысты.
«Осы секілді шаралардың біздер үшін берері мол. Танымдық деңгейді арттыру, бос уақытты тиімді өткізу, жастардың бір-бірімен байланысын арттыруды көздеген шара өз межесіне жетіп, көңілімізден шықты» дейді Дастан Әділбекұлы.