К 30-летию Независимости Казахстана | 14 маусым 11:23

Жерасты сұйықтығынан таза мұнайға дейін

Қаражанбас кен орнындағы үш бірдей мұнай өндіру цехі күн сайын жер қойнауынан 42-43 мың тонна сұйықтық шығарады. Оны сұрыптап, құрамын тазалау жұмыстары жүргізілгеннен кейін, бірнеше мың тоннадан астам таза мұнай қалады. Күні-түні үздіксіз жүретін мұнайды табу, игеру, өндіру мен өңдеу процесі мыңдаған жұмысшының жұмылдырылуымен жүзеге асады.

Мұнай дайындау және айдау цехі – қара алтын құрамын тексеріп, тазалап, түрлі сүзгіден өткізумен үздіксіз айналысады. Шикізатты апараттар арқылы 90°С-қа дейін қыздырып, тұндырып, артық элементтерден арылтады.

«Біздің цех өндіріс өмірінде маңызды қызмет атқаратын цехтердің бірі. Себебі, Қаражанбас мұнайы кен орнынан шыққан соң экспортқа шығады. Біз өз кезегімізде тауарымыздың сапасына тікелей жауап береміз. Сондықтан цехімізге, жұмысшыларымызға артылған сенім жүгі жеңіл емес», – деді Мұнай дайындау және айдау цехінің басшысы Бекжан Ешекенов.

 

Жақсыбек Айтмағанбетов аталмыш цехте 10 жылдан бері жұмыс істейді. Тауар операторының қызметі – өндірістік процестердің дұрыс әрі сапалы орындалуын бақылау. Бұрын технологиялық үдеріс жүріп жатқан әр қазан мен сорапты аяқтай барып бақылайтын жұмысшы, қазір компьютер арқылы көп шаруаның басын қайырады. Жұмыс барысын бақылайды, аппараттарды ретке келтіріп, мұнайды тауарлық қалыпқа келтіруге асқан жауапкершілік танытады.

«Соңғы жылдары кен орнымыз жан-жақты дамып келеді. Өндіріске автоматизация енгелі жұмысымыз жаңаша қарқын алды деп айта аламын. Уақыт жағынан ұтымды. Техниканың аты техника ғой. Адам техниканы басқару арқылы нәтижеге тез әрі оңай жете алады. Бастысы өз ісіңді жетік білетін білікті маман болу», – дейді Жақсыбек Айтмағанбетов.

Цехте Жақсыбек секілді 70-тен астам жұмысшы бар. Екі вахта ауысымымен күні-түні тер төгетін жетекші инженер, механик, шебер, оператор сияқты мамандар бір үйдің баласындай тату. Соның арқасында жұмыстан бөлек, кен орнында өтетін мәдени шараларда төбе көрсетіп, спорттық сайыстарда топ жарып жүр.

Кен орнындағы әр цех өндіріс өмірінде атқаратын жұмысымен ерекшеленеді. Ал мұнай дайындау және айдау – негізгі қызметке жауапты цехтердің бірі әрі бірегейі. Мұндағы мамандар жер астынан өндірілетін шикізаттың сапалы әрі таза күйде тасымалдануына асқан жауапкершілікпен қарайды. Себебі, Қаражанбас мұнайы тасымалдау компаниясы арқылы кен орнынан бірнеше бағытқа экспортталады. Бұл Қазақстанның жан-жақты дамуына біздің компанияның зор үлес қосатынының айқын белгісі.

(«Қаражанбасмұнайгаз» АҚ facebook парақшасынан)