К 30-летию Независимости Казахстана | 19 тамыз 08:30

Жетібай мұнайшылары 14 баланы мектепке дайындады

«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының мұнайшылары республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық шарасының сәтті жүзеге ауына өз үлестерін қосты. Дәстүрлі шара жыл сайын тамыз айында жаңа оқу жылының қарсаңында өтеді.

Санаулы күндерден соң күз мезгілінің алғашқы мерекесі – білім күні де келіп жетеді. Бұл күн мектеп табалдырығынан аттаған әрбір бала үшін үлкен мерекеге айналуы тиіс. Дегенмен, арамызда осы бір қуанышты күн жақындаған сайын уайымдары артып жатқан отбасылар да бар. Тұрмыстың тауқыметін тартқан кейбір жандар балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қаражат жеткізе алар емес.

Осы орайда, жетібайлық мұнайшылар жомарттығын ерекше мақтанышпен атап өткіміз келеді. Құрыш қол мамандар Мұнайшы ауылында орналасқан №7 мектеп басшылығының тұрмысы төмен отбасы балаларына көмек қолын созу туралы өтінішіне үнсіз қалмай, өзара қаражат жинау туралы шешім қабылдады. Санаулы күндер ішінде 1 500 000 теңге көлеміндегі қаражат жиналып, мұнайшылар жаңа оқу жылына балаларын жарақтандыра алмай отырған бірнеше ата-ананың жүгін жұмыла көтеріп, уайымын сейілтті.

«Бұл қаражатқа 14 балаға мектеп құралдары, формалары және тағы басқа керек-жарақтары алынды, – дейді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекші маманы Айгүл Аманджанова. – Сатып алынған заттар жетім балаларға, толық емес отбасы балаларына, мұқтаж және көп балалы отбасыларға тапсырылды. Мұндай шаралар мұнайшылардың бастамасымен жиі болып тұрады. Мұнайшылар көмек көрсетуден ешқашан тартынған емес. Балалардың жүзінде үйірілген қуаныш пен көздеріне тұнған алғысты көру біз үшін ең үлкен сый».

Жетібайлық мұнайшылар қайырымдылық жасаудан алдына жан салған емес. Бүгінгі шара соның тағы да бір дәлелі.