1999 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының «мұнаймен ластанған топырақты жинау, тазалау» учаскесіне мұнай тазалаушы болып қызметке қабылданады. Аталған цехта табанды еңбек ете жүріп, слесарь, кейіннен 5-ші дәрежелі оператор болып ауысты.
«Жетібай кенорнында жұмыс істегеніме 24 жылға жуық уақыт болды. Ұжымда 3 бригада ауысыммен қызмет істейді. Бүгінде 30-ға жуық мұнай тазалаушылар өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, цех жұмысының алға жылжуына сеп болып отыр. Заман өзгерді, техника дамыды деп қанша айтсақ та, адамзат топырақты алмастыра алатын жасанды дүниені ойлап тапқан жоқ. Біз тіршілікке керектінің бәрін топырақтан аламыз. Сондықтан да, мұнаймен ластанған топырақты тазарту, залалсыздандыру жұмыстары аса маңызды. Осы ретте МЛТЖТУ цехы өңір экологиясына аса мән беріп келеді. Мұнайды өндіру, тасымалдау кезінде ластанған объектілерге тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Топыраққа төгілген мұнайды арнайы қондырғымен сорып, кейіннен 80-90 градус температурада қайнату арқылы майы сүзіледі. Тазартылған сұйықтықты коллекторлар көмегімен айдау және өткізу цехына жібереміз», – дейді білікті маман.
Өндірісте өз орнын тапқан кейіпкеріміз бүгінде жұбайы Бейнегүл Қаратаевамен 3 бала тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иесі.
«Қай саланы таңдасаң да білім мен тәжірибе қатар ұштасса үлкен нәтиже болады. Өз саласын жетік білетін маман ғана әріптестерімен де тіл табыса алады, – дейді еңбек адамы.
«Адамдар сенен көмек сұраса қол ұшын созудан бас тартпа» деген ұстаныммен өмір сүріп, абырой жиған Жұма Қаратаевтың еселі еңбегі көп жанға үлгі болары анық.