Республикамызда автокөлік санының артуымен қатар жол-көлік оқиғалары да көбейіп, оның салдарынан адамдар зардап шегуде. Мысалы ағымдағы 2021 жылдың алғашқы бес айында 6 800 адам (1 100-і – жас балалар) жарақат алып, оның ішінде 2 700 адам ауруханаға жатқызылды, 607 адам көз жұмды.
Дамыған шет елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш көп. Жол-көлік оқиғалары санын азайту жолдарының бірі – жол қозғалысының қатысушылары болып табылатын адамдарды, бірінші кезекте көлік құралдарының жүргізушілерін «Көлікті қауіпсіз жүргізу, қорғану тәсілдері, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету» бойынша сауаттылықты арттыратын ішкі оқыту сабақтарын ұйымдастыру болып табылады.
Осы бағытта жол-көлік оқиғалары себептерін болдырмау және олардың салдарының ауырлығын төмендету, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жолдағы қауіпсіздігін сақтау мақсатындағы көптеген алдын алу іс-шараларымен қатар, келесі реттегі корпоративтік форматтағы ішкі оқытулар қолға алынып, өткізіліп келеді:
2018 жылы «Жол-көлік оқиғасы кезіндегі алғашқы көмек»;
2019 жылы «Көлік қауіпсіздігі»;
2020 жылы «Көлікті жүргізу кезіндегі қорғану тәсілдері»;
2021 жылы «Көлікті қауіпсіз жүргізу», ішкі бапкер бағдарлама мен презентацияны дайындады, өңірімізде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса оқыту ағымдағы жылдың шілде және қазан айларына жоспарланған (тренингтің теориялық бөлімі Ақтау қаласының 22-ші шағын ауданындағы автопарктің арнайы жабдықталған оқу бөлмесінде және Қоғамның кенорындарындағы оқу бөлмелерінде өтеді, тартымды презентациялық материалдардан лекция оқылады және тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетіледі).
«Көлікті қауіпсіз жүргізу, қорғану тәсілдері, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету» атты тренингтер неге маңызды болып саналады?
Жол-көлік оқиғалары туралы статистикалық деректерге сүйенсек оқиғалардың 90%-ға жуығы көлік құралдарының жүргізушілері тарапынан орын алған қателіктерден туындаған. Сондықтан, бұл ішкі оқыту курстары қазіргі заман талабына сай қажет болуда, бағдарлама бойынша маңызды тақырыптар қамтылған, олар: жол-көлік оқиғалары кезіндегі алғашқы көмек көрсетудің дұрыс жолдары; автокөліктің активті және пассивті қауіпсіздік жүйесі (құрылымдық және пайдалану қасиеттері); жол апатының негізгі себептері; қиын жол жағдайында (қыс мезгілінде, түнгі уақытта) көлік жүргізу және тағы басқа.
Тренингтен өткен жүргізуші жолда дұрыс жүру дағдыларының қыр-сырын үйренеді, автокөлік құралын тиімді басқару техникасын жетілдіріп, шеберлігін арттырады, автокөліктің заманауи қауіпсіздік жабдықтарының құрылысы мен қызмет ету принциптерін біледі.
Оқыту «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның кәсіби көлік жүргізушілерімен қатар Қоғамымызда қызмет ететін әуесқой жүргізушілерге және барлық қызметкерлерге арналған, себебі жол-көлік оқиғаларын болдырмауға, оның азаюына жолаушылар да себепші.
Бұл корпоративтік форматтағы ішкі оқыту жүйесі оң нәтиже беріп, соңғы жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Көлік департаментінде ауыр жол-көлік оқиғалары орын алған жоқ.
Сағи Диханов, Ішкі бапкер, КД автопаркі бастығы