К 30-летию Независимости Казахстана | 25 желтоқсан 08:59

Журналистер байқауының жеңімпаздары марапатталды

Байқау Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай 28 маусым күні басталған болатын. 

«Қазақтелеком» басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев астанадағы жеңімпаздарды құттықтап, жүлдесін табыстады.

«Былтырғыға қарағанда биыл өңірлік БАҚ-тардан қазақ тілінде көп жұмыс қабылданды. Саладағы өзгерістер, компаниямыз жаңалықтары жайлы халыққа хабар беру біз үшін аса маңызды. Сондықтан да осы байқау еліміздің бас операторының қызметі жайлы хабар таратуға БАҚ өкілдерін жұмылдырудың тағы бір мүмкіндігі болды», — деді Қуанышбек Есекеев.

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 2 200 000 теңге. Әр жүлделі орынға 2 жұмыстан – қазақ тілінде бір, орыс тілінде бір жұмыс алынды.

«Әр автордың жұмысын бағалау оңай болған жоқ. Сондықтан әр жұмысты бірнеше рет қарап, әділ бағамызды бердік. Оларды бірнеше күн бойы талдап, әріптестерімізбен бірге ең үздік жұмыстарды іріктеп алдық», – дейді байқау комиссиясының мүшесі, «Қазақстан» телеарнасының ақпарат-талдау бағдарламалары дирекциясының директоры Жалғас Сәдібекұлы.

Алты жеңімпаз атанған журналистер:

1-орын – «Егемен Қазақстан» газетінен Асқар Арнұр; «Kyzylorda-news.kz» агенттігінен Аслан Сағындық. 2-орын – Азамат Нұғыманов, «Қазақстан» ТРК; Bestnews агенттігінен Жанар Сердалина. 3-орын – Turaninform.kz порталынан Қалмақан Құрманғали; «Халық арнасы» радиостанциясынан Раушан Сыбанжанова.

Бұдан бөлек, қазылар алқасы белсенді қызметі үшін BAQ.kz порталындағы «Желмая» бағдарламасының редакциясына және «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Нұрлан Сүйіндіге арнайы сыйлық табыстауға шешім қабылдады.