№1. Жүктілік, босану, жаңа туған баланы асырап алу себепті табысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемдер
Бұл төлем бір рет жұмыс істейтін әйелдерге ғана төленеді. Неліктен бұлай? Жұмыс істейтін азаматтардың барлығы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне мүше. Олар үшін жұмыс беруші Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘМСҚ) ай сайын жарна аударады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдердің бірнеше түрін қамтиды: мүгедектік, асыраушысынан айырылу, жұмыстан айырылу, жүктілік және босану, бала асырап алу, сондай-ақ бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу.
Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін біржолғы төлемнің мөлшері нақты жұмыс мерзіміне қарамастан әлеуметтік тәуекелге дейінгі соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдармен келесідей анықталады: соңғы жылдағы орташа айлық табыс 10% мөлшеріндегі зейнетақы жарналарын шегере отырып, еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициентіне көбейтіледі.
Біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері шектеулі. Ай сайынғы табыстың шегі – 7 ең төменгі жалақы. Егер әйелдің жалақысы осы шекті мәннен асып кетсе да төлем мөлшері бәрібір шекті мәнге қарай есептеледі. Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) – 42 500 теңге. Егер жалақы 297 500 теңгеден асса (7 ЕТЖ), жәрдемақы 297 500 теңге сомасынан есептеледі. Демек төлемнің максималды сомасы – 1 1224 550 теңге.
Неге мұндай шектеу енгізілген? Себебі, ай сайынғы әлеуметтік аударымдар мөлшері үшін шекті мән белгіленгендіктен, 7 ЕТЖ-дан асатын сомадан әлеуметтік аударымдар жасалмайды.
Жеке еңбек шартында көзделсе, айырмашылықты жұмыс беруші өтеуі мүмкін.
Төлем тағайындау үшін келесі құжаттарды электронды үкімет порталы арқылы онлайн түрде тапсыруға болады:
Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу туралы өтініш; Жеке басын куәландыратын құжат. Жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты берілетін уақытша еңбекке жарамсыздық туралы қағаз; Банктерде және (немесе) банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын басқа ұйымдарда ашылған банктік шоттың нөмірі туралы құжат немесе түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты. Қазақстандағы кез келген екінші деңгейлі банкінен шот ашуға болады.Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қосымша келесі құжаттарды ұсынады:
Мемлекеттік кіріс органында жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы мәліметтер (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған ақпарат); ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы №306 бұйрығымен бекітілген Дербес шоттарды жүргізу ережесінің 16 -қосымшасына сәйкес нысан бойынша мемлекеттік кірістер органдары берген бюджетпен есеп айырысулардың жағдайы туралы, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер туралы салық төлеушінің жеке шотынан үзінді көшірме.№2. Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы
Бала туғаннан кейін әйелдерге жұмыс істесе де, істемесе де біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жөргекпұл сомасы бала кезегіне байланысты:
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 110 846 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге.Егіз не үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.
Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген әйелдер үшін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты есептеледі: орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, кейін шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Коэффициент 4,2-ге тең. Мысалы, соңғы бір жылдағы табысыңыз 1 920 000 теңге болса, осы соманы он екі айға бөлгенде орташа жалақы 160 мың теңге шығады. Оны 4,2 коэффициентке көбейткенде 672 мың теңге болады. Осы сомадан 10% зейнетақы жарнасын шегергенде босануға байланысты біржолғы төлем 604 800 теңгеге тең болды.
Жәрдемақыны алу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат; қандас мәртебесі бар адамдар бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындауға жүгінген жағдайда сәйкестендіру үшін қандас куәлігін ұсынады; баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама); өтініш берушінің деректері баланың туу туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген жағдайда – неке қию (ерлі-зайыптылық), некені бұзу туралы куәлік; балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген немесе баланы асырап алған жағдайда – балаға қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер.№3. Баланың бір жасқа дейінгі күтімі үшін берілетін жәрдемақы
Жұмыс істемейтін әйелдерге (ер адамдарға) бала кезегіне қарай бiр жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі:
бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге; екінші балаға 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге; үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге; төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 8,9 АЕК немесе 25 962 теңге.Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген аналар (әкелер) үшін ештеңе өзгермейді, өйткені бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер әйелдің орташа жалақысына байланысты. Формуласы: соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады. Мысалы, екі жыл ішінде тапқан табыс 2 400 000 теңгені 24 айға бөлсе орташа жалақы 240 мың теңге болады. Бұл соманы 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан 10% зейнетақы жарнасын алып тастаймыз. Сонда жұмыс істейтін әйелдің бала күтімі үшін алатын ай сайынғы төлемі 96 мың теңгеге тең.
Алайда шектеулер де бар: 2021 жылы бір жасқа толғанша бала күтіміне байланысты табысынан айырылғандарға берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлем сомасы 119 000 теңгеден аспауға тиіс. Бұл 7 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) шегінің 40%-ын құрайды.
Бала бір жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажет құжаттар:
өтініш; жеке басын куәландыратын құжат; баланың (балалардың) туу туралы куәлігі немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама; банкте немесе банк операцияларын жүзеге асыратын басқа да ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі (IBAN) туралы ақпарат. Шотты Қазақстан Республикасының кез келген екінші деңгейлі банктерінде немесе "Қазпошта" АҚ секілді банк операцияларын жүзеге асыратын басқа ұйымдарда ашуға болады.№4. Көпбалалы отбасыларға көмек
Қазақстанда көпбалалы отбасы деп төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар отбасы саналады. Жәрдемақы отбасылық кірісіне қарамастан сараланған мөлшерде беріледі.
4 балаға – 16,03 АЕК немесе 46 760 теңге; 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 58 457 теңге; 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 70 154 теңге; 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге; 8 және одан да көп балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге және жетінші баладан кейінгі әр балаға 4 АЕК (11 668 теңге) қосылады."Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері 6,4 АЕК немесе 18 669 теңге.
№5. Мүгедек бала асырап отырған отбасыларға көмек
Мұндай отбасылар үшін мүгедектерге (тобына байланысты) берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыдан басқа мүгедек баланы асырап отырған ата-аналарға, қамқоршыларына және асырап алушыларға бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін қосымша мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Мұндай жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін, яғни 48 023 теңгені құрайды. 2021 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері – 34 302 теңге. Осыған ұқсас жәрдемақы бала кезінен I топтағы мүгедектерге (жасына қарамастан) күтім жасайтын тұлғаларға да беріледі.
Бұдан бөлек, жергілікті өкілдік органдардың шешімімен үйде оқитын мүгедек балалардың ата-аналары мен басқа да заңды өкілдеріне оқу шығындарын өтеу қарастырылған.
Жеңілдіктерді тағайындау үшін өтініш беруші халыққа қызмет көрсету орталығына немесе eGov порталына жүгінеді. Ал балаға алғаш рет мүгедектік анықталғанда немесе алғаш рет бала кезінен I топтағы мүгедектік анықталғанда, мүгедек баланы асырау бойынша жәрдемақы тағайындау үшін тқрғылықты жері бойынша өтінішпен медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жүгіну қажет.
16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың жәрдемақысы келесідей:
I топ – 65 860 теңге; II топ – 54 541 теңге; III топ – 41 164 теңге.16 жасқа толмаған мүгедек балалар 48 023 теңге алады.