Демек, жаңа жыл кәсіпкерлікті өрге домалатып, қызметте өсуге қолайлы болмақ. Осы орайда «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы, қазіргі уақытта сатып алу жүйесін бәсекелестік нарыққа беріп, отандық бизнесті дамытуға ден қоюда екені белгілі. 2018 жылдың аяғында бірқатар ірі ауыс-түйістер жасалды.
Мамандықтар бойынша болжамға тоқталсақ, қаржыгерлерді қуантатын жаңалық, мұнда 2019 жыл тұрақтылығымен танылмақ. Бірақ қаржыны үнемдеп жұмсап, қымбат заттарды сатып алудан тартыну керек екен. Қаржы құюды, салым жасауды келесі жылға қалдырған дұрыс дейді сарапшылар. Ақшажинағыш ыдыстың да аталған жануар түрінде бейнелетіні аян.
Адамның адал серігі саналатын ескі жылдағы ит секілді доңыз да салмақтылығымен даралануда. Заңгерлердің құлағына майдай жағады деген үміттеміз, жаңа жыл тыныш әрі бірқалыпты өтіп, келіспеушілік пен ұрыс-керіс аз болмақ.
Денсаулықты күтуге көп көңіл бөлген артық етпек емес. Себебі қатты шаршап, жүйкеге жұқсарған болсаңыз, ағзаңыздың сыр беру қаупі жоғары. Емделіп, тынығу уақыты пайда болса, қалт жібермеңіз. Зиянды әрі ауыр өндіріс салалары мен кен орындары баршылық Қор кәсіпорындары еңбеккерлері үшін бұл мәселенің де өте өзекті екені даусыз.
Еңбек-әлеуметтік қатынастар жақсарып, коммуникациялық байланыстардың тиімділігі арта түспек.
Баршаға ортақ асыл міндет, шаңырақтағы жылу мен тұрмыстағы жайлылықты жақсы көретін неғұрлым жайбарақат алдағы доңыз жылы жақындармен мол дастарқан басында кездесуге үзбей уақыт тауып, туған-туысқа жиі қонаққа баруды әдетке айналдырған жөн. Ғалымдардың дәйектеуінше сиыр, қой және тауық етін сүйсіне жеп, шошқа етіне жоламаған ләзім. Әлбетте, жал-жая мен қазы-қартадан ешкім тыймайды. Ізгілік пен мейірімділік сәулесін шашуда сый-сияпатқа мүмкіндігінше жомарт болыңыз.
Айтпақшы елімізде жастарға арналған алдағы он екі айда отбасы құрып, бала туу көрсеткішінің өсу ықтималдығы да жақсылыққа баланып отыр. Мысалға Қазақстан темір жолында 52 мың жас қызметкер жұмыс істесе, бұл ондағы еңбек ұжымының 39% құрайды. «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниялар тобындағы 42 жас маман кеңестері шамамен 17,5 мың жасты қамтуда. Отандық мұнай саласындағы «Ембімұнайгаз» АҚ-да 5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың орташа жас мөлшері 44,3 жасты құраса, оның – 15 пайызы жастар. Компанияда еңбек етіп жатқан 800-ге тарта мұнайшы – 33 жасқа дейінгі мамандар. Жақында Астанада өткен «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларының Жастар сараптамалық-ақылдасу кеңесінде де өскелең ұрпақтың басты стратегиялық ресурс екені атап көрсетілді. Барлығы Қор ауқымында 35 жасқа дейінгі 90 мыңнан астам жас маман еңбек етуде.
Лайым, жаңа жыл расында берекелі де ырысты болсын!
Тәңірберген АРҒЫН