Осыған дейін ескі мәдени жайды пайдаланып келген аталған топтық қондырғы жұмыскерлерінің қуанышында шек жоқ. Жұмыстан қолың қалт еткенде жылы да көңілге қонымды жерде демалғанға не жетсін?! Мұнайшылар сұранысына толық жауап беретін тұрмыстық-кешендердің құрылысы қазан айында басталып, небәрі екі айдың ішінде салынып біткен. Мұнда асбөлме, шебер бөлмесі, жуынатын, тынығатын, киім ауыстыратын және киімдер кептіретін бөлмелер жасақталған.
Жаңадан салынған тұрмыстық кешендерде жұмыскерлерге ең алдымен еңбекке қолайлы жағдай туғызу басты мақсат тұтылып отыр.
"Ескі нысанда таршылық көріп жататынбыз. Бүгінгі ашылып жатқан жаңа кешен үшін қатты қуанып тұрмыз. Заманға сай, барлық қажеттіліктерімізді ескерген кешен көңілімізден шықты", - дейді 25 жылдан бері мұнай саласында жұмыс жасап жүрген оператор Қатира Далабаева.
Сонымен қатар, өткен жыл соңында, "Өзенмұнайгаз" компаниясына қарасты №2 Мұнай-газ өндіру басқармасының №12 мұнай-газ өндіру цехы №40 топтық қондырғысында тұрмыстық-шаруашылық кешен пайдалануға берілді. Жалпы, құзырлы мамандар, кейінгі 10 жыл ауқымында Компанияның әлеуметтік инфрақұрылым жағдайы 90% жаңарғанын айтады.
Ашылу салтанатында әріптестерін құттықтаған басқарма директоры Мереке Құлбеков: "Жарты ғұмырын жұмыста өткізетін мұнайшылар қауымы үшін мұндай құрылыс нысандарының орны ерекше. Жаңа кешен игіліктеріңізге жарасын. Мұнайымыз көп, жұмысымыз өнімді болсын", - деді.
15 орындық кешеннің құрылыс жұмыстарын "Safi Stroy Service" ЖШС жүргізген. Жобалық сметалық құны 28 млн теңгені құраған нысанның құрылысы тамыз айында басталып, бүгін жұмыскерлер игілігіне беріліп отыр деп хабарлайды "Өзенмұнайгаз" АҚ баспасөз қызметі.