Ескірген мыс желілерін заманауи оптикалық желіге ауыстыру компания тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасы мен ауқымына ғана емес, сондай-ақ клиенттер тарапынан түсетін сын-пікірлердің статистикасына да әсер етеді. Курчатов қаласындағы оң іс-тәжірибе сөзімізге дәлел болмақ. Атап айтқанда моноқаладағы «Қазақтелекомның» оптикалық желісінде жыл басынан бері бірде-бір зақым тіркелмеген, тиісінше абоненттердің наразылық білдіруіне себеп жоқ деген сөз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2022 жылы клиенттер өтініші бойынша мамандар 700 шақыртуға барса, оның 48% мыс желісінің дұрыс жұмыс істемеуімен байланысты болған.
"Курчатов тұрғындарын толығымен заманауи цифрлық қызметпен қамту үшін былтыр біз қосымша 13 шақырымнан аса оптикалық желі салып, қаладағы клиенттерімізді 100% GPON желісіне ауыстырдық. Жүргізілген мониторингіге сәйкес қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін талшықты-оптикалық желілердегі зақымға қатысты бірде бір өтініш түспеген. Демек Курчатов бойынша пайдаланушыларға ыңғайсыздық тудыратын бірде-бір жайт тіркелмеді. Ал түсіп жатқан өтініштеркөп жағдайда мәселенің абонент жағында туындайтынын көрсетті. Атап айтқанда жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындар пәтер ішіндегі сымды зақымдап алады немесе кәбілді басқа ағытпаға қосып қояды және т.б.» бар – дейді, "Қазақтелеком" АҚ «Желі» Дивизион бірлестігі Шығыс Қазақстан қатынау желісі департаментінің директоры Ирина Юрченко.
Айта кетері, Талшықты-оптикалық желі бойынша ақпарат деректерді беру үшін қолданылатын Gigabit Passive Optical Network қатынау технологиясы Курчатов қаласындағы 100-ден аса көппәтерлі үйдің тұрғындарын кең көлемді телекоммуникация қызметтерімен қамтамасыз етеді. Олардың қатарында цифрлық телефония, жылдамдығы 500 Мбит/с дейін жететін интернет, бейне бақылау сервисі мен онлайн-телевидение бар. Қалада көппәтерлі үйлерден бөлек мемлекеттік мекемелер, шағын және орта бизнес нысандары да «оптикалық» желіге ауыстырылған. Қаладағы муниципалды кітапхана директоры Қорлан Күсембаева "оптиканың" барлық артықшылықтарын бағамдай келе оның мыс желісінен айырмашылығын анық сезінгенін алға тартты
"Мәдениет пен ағарту саласындағы жұмыс тұрақты өзгерісті әрі маңызды тенденцияларды бақылап, оның қарқынына ілесіп отыруды талап етеді. Кітапханамыздың қызметі білім беруге бағытталған семинарлар мен онлайн-конференциялар өткізумен де байланысты. Семей және Өскемендегі әріптестермен Zoom платформасында кездесу өткізуде талшықты-оптикалық интернет ең тиімді жол дер едім. Сурет пен дыбыс сапасы жоғары деңгейде" – деп, өз ойын тұжырымдады Қорлан Күсембаева.
"Қазақтелеком" өкілдері талшықты-оптикалық желіге толық ауыстыру жұмыстары алдағы уақытта Түркістан, Ақсай және Жаңаөзен қалаларында да жүргізілетінін атап өтті. Мұнда 20 мыңнан аса тұтынушы мыс желісін қолданады. Телеком-оператор мыс желілерінен оптикаға көшуге бағытталған жобамен қатар «Де-дупликация» бағдарламасын іске асырмақ.Де-дупликация бойынша ескірген ADSL технологиясы қолданыстан шығарылып, қосарланған желілерден бас тартады. Сонымен қатар биыл өңірде 53 мың абонентті GPON технологиясына ауыстыру көзделіп отыр.
Алдағы бірнеше жылда компания Қазақстан бойынша 54 мың шақырым мыс желісін ауыстырады. Бұл желіні қалпына келтіру және дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асады. Желі инфрақұрылымын жетілдіру мен талшықты-оптикалық желіге 100%-ға ауысу 2022 жылы «Қазақтелеком» қабылдаған JRun компаниясын дамыту стратегиясындағы негізгі міндеттердің бірі болып отыр.