«Қыс маусымына дайындалуға өте аз уақыт қалды. Қазіргі таңда 80 пайызға дайынбыз. Дегенмен бірқатар өңірде бұл жұмысты күшейту керек. Өздеріңіз білетіндей, осы жылы Петропавл қаласында мұржа құлады. Сондықтан бұл сұрақ ерекше бақылауға алынды. Сонымен қатар Кентау қаласындағы жылу орталығы мен электр жүйелерінің тозуына байланысты жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Оны әкімдікпен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ Семей қаласында көмір қорын жинау жұмыстары пысықталуда», – деді министр.
Болат Ақшолақовтың айтуынша, елдегі қазандықтардың жартысы жылу беру маусымына дайын. Ал қалғандары жөндеуден өтіп жатыр.
«Қазандықтар туралы айтатын болсақ, қазір олардың жартысы әзір. Жөндеу жұмыстарының жартысы әлі алда. Қазір көмір мен мазуттың көлемі жинақталуда. Биылғы жылу маусымына 3,9 млн тонна көмір, 83 мың тонна мазут қарастырылған. Сонымен бірге әлеуметтік мазуттың да бағасы бекітілді. Қысқы маусымға 218,6 мың тонна әлеуметтік мазут беріледі», – деді министр «Жаңа уақыт» бағдарламасында.