К 30-летию Независимости Казахстана | 15 сәуір 08:55

Жылыой мұнайшылары 100 тал отырғызды

«Жылыоймұнайгаз» МГӨБ қызметкерлері Құлсары қаласының еріктілерімен бірлесіп, Халықов атындағы №7 орта мектептің жанында 100 тал отырғызды, деп хабарлайды SKnews.kz «Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған басқарманың кәсіподақ ұйымының төрағасы Сырымбек Сәрсембаевтың мәлімдеуінше, бұл игі іс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Ембімұнайгаз» АҚ-ның келесі жылы атап өтілетін 100 жылдығына орай қолға алынып отыр.

Жалпы, Жылыой ауданы бұрынғы теңіздің орны болғандықтан, шөлейт аймақта орналасқан сортаңды кейбір жерге талдардың, жас көшеттердің, қара ағаштардың өсіп шығуы қиынға соғатыны белгілі. Осыған байланысты, қаланы көгалдандыру шарасын ұйымдастырушы еріктілер аудандағы ірі компания – «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ басшылығынан мекеменің су құятын көлігімен жас көшеттерге су құйып тұруға жәрдемдесуді сұраған болатын. Ұсыныс бірден қабылданып, жас талдарды суару жұмыстары басталып кетті. Бір аптаның ішінде талдар бүршік жарып үлгерді. Енді күтім жасау ғана керек.

«ҚазМұнайГаз» АҚ компаниялары тобында жарияланған Экология жылы аясында мұнайлы өлкені көгалдандырып, көркейту мақсатында жылыойлықтардың бұл ісі көпке үлгі.