Қолына монометр алып, ұңғымалардың жерасты қысымын өлшеп, температурасын тексеру Ғабит үшін үйреншікті іс. Ол еңбек жолын №2 мұнай өндіру цехында слесарь болып бастаған. Кейін ҰҒЗжӨЖЦ-на ауысып, оператор, инженер қызметін атқарыпты. Қазір цехтың жиырмаға жуық жұмысшысына жетекшілік ететін шебер адал еңбегімен, нәтижелі жұмысымен, ұжым алдында сыйлы маман.
«Әр кезең өз қызығымен, қиындығымен жадымызда мәңгілікке жатталады. Қаражанбасқа енді келген жас маман шағымды сағынып еске алып отырамын. Кен орнында жүріп көп нәрсе үйрендік. Жаңа технологияларды шебер пайдалана алатын маманға айналдық. Сондықтан Қаражанбас біз үшін үлкен мектеп», – дейді Ғабит Рысбаев.
Бозашы даласында биікке ұмтылған ұңғымаларды зерттеу шебері отбасында жарымен бірге үш перзент тәрбиелеп өсірген әке. Ғабиттің тұңғышы бүгінде өзімен қатар бір цехта еңбек етіп, әке жолын жалғап жүр. Білікті маманға цехтың маңызды жұмыстары жүктеледі. Оның нәтижелі еңбегіне қарап, өндіріс тынысының кеңейе түсетініне кәміл сенуге болады.