Кездесуде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің өкілі Ақтан Рабаев құттықтау сөз сөйлеп, ТЖЫҰ көлік құқығын жетілдіру бойынша бірлескен жұмыс ТЖЫҰ-ға мүше барлық елдердің тасымалдау көлемін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті.
"Қазақстанда транзиттік жүк ағынының ұлғаюын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдық қуаттарды кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде: таяу үш жылда 1300 км жаңа темір жолын, Қытай Халық Республикасымен үшінші темір жол өткелін - Бақты-Аягөз салу жоспарлануда. ҚХР – ЕО қатынасындағы контейнерлік пойыздардың жалпы көлемінің 40%-не дейін қалыптасатын Сиань қаласының (ҚХР) Құрғақ портында қытайлық серіктестермен бірлесіп 2024 жылы Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын логистикалық терминал ашылды", - деді А.Рабаев.
Төрт күн ішінде сарапшылар жүктерді халықаралық қатынаста темір жол көлігімен тасымалдау жөніндегі негізгі құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерімен жұмыс істейтін болады.
Кеңес барысында қазақстандық тарап ұсынған ХТЖҚК бірыңғай жүкқұжатын қолдана отырып, тікелей халықаралық темір жол-су қатынасын дамыту жөніндегі жоба талқыланатын болады.
Теміржол ынтымақтастығы ұйымы (ТЖЫҰ) – 28 еуропалық және азиялық елдердің темір жол көлігін жүргізетін министрліктері мүше болып табылатын халықаралық ұйым.