К 30-летию Независимости Казахстана | 24 қыркүйек 11:40

Халықтық штаб Қостанай облысының жұртшылығымен кездесті

Қазақстанда АЭС салу бойынша Халықтық штаб аймақтардағы тұрғындармен кездесулерін жалғастыруда. Кезекті сапар Қостанай облысында өтті, мұнда студенттерден бастап энергетика саласының мамандарына дейінгі өңір тұрғындарымен талқылаулар ұйымдастырылды.

Кездесулерді Халықтық штабтың мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Альберт Рау және Еркін Әбіл өткізді. Кездесулердің бірі Рудный индустриалды университетінде өтіп, оған 100-ден астам студент пен оқытушылар қатысты. Өңір жастары жалпыұлттық референдумға шығарылған мәселе бойынша өз пікірлерін білдіріп, Халықтық штаб мүшелеріне түрлі сұрақтар қойды.

 

Өз кезегінде сарапшылар мен депутаттар бұл мәселенің ел болашағы үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Мәжіліс депутаты Альберт Рау жылдан жылға ұлғайып келе жатқан энергия тапшылығы проблемасын айтып, АЭС-ті Қазақстан үшін баламасыз шешім деп атады.

«Қазақстанда атом электр станциясын салу – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі. Атом энергетикасының болашағы – сіздердің болашақтарыңыз. Жас инженерлер мен мамандар осы саланың негізін қалап, жаңа технологияларды дамытуға үлес қосады. АЭС Қазақстанда мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, технологиялық инновациялар үшін мүмкіндіктер туғызады. Жаһандық деңгейде мұндай электр энергиясының көзі елдегі электр энергиясы тапшылығын азайтып, инвестиция тартып, экономиканың өсуіне қуатты серпін береді», – деді Альберт Рау.