Екі команда бұған дейін 61 мәрте шеберлік байқасты. Оның 21-де «Барыс» басымдық танытса, қалғанында «Авангардтың» мерейі үстем болды.
Биыл командалар бір-бірімен екі мәрте кездесті. Қарсыластар бір-бір мәртеден жеңіске жетті. Олар бүгінге дейін плей-офф кезеңіне шығып үлгерді. Ендігі кезекте турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып, өзіне ыңғайлы қарсыласқа жолығу міндеті алдарында тұр.
Бүгінгі кездесу тартысты өтті. Есепті 6-минутта «Барыс» хоккейшісі Әлихан Әсетов ашты. Оған 9-минутта ресейлік Рид Буше бір шайбамен жауап беріп, таразы басы теңесті. Ал 30-минутта Никита Михайлис елордалық клубты тағы да алға шығарды. Ойынның 59-минутында «Авангард» ойыншысы Корбан Найт таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша кездесу овертаймға ұласты. Овертаймда Никита Михайлис жеңіс шайбасын соқты. Ойын 3:2 есебімен «Барыстың» басымдығымен аяқталды.
Енді «Барыс» 18 ақпанда елордада Ресейдің «Автомобилист» командасын қабылдайды.