Өзі де адамдардың бойында шыншылдық пен жауапкершілікті бағалайтын кейіпкеріміз әңгімесін ашық-жарқын, «Сол бұрынғыдай жұмыс орным 2 жылдық келісімшарт бойынша «Барыста» деп бастады.
«Қазақстан біріншілігіндегі «Номад» командасында өнер көрсетемін. Бәлкім, кейінгі уақытта онша көп көрінбей кеткен шығармын. Содан да сұрақтар туындайды деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, келеңсіз жағдайлар орын алып, елеусіздеу қалдым. Жан-жағыма қарайламай, алаңдағы төбелестің қызығына берілудің салдары осы болды ма екен? Біреулер шетелдік әріптестермен қан-жоса күш сынасудан саясат іздеді ме, кім біледі...
Алайда ащы ақиқат сол, спортты жанына серік еткен әрбір жан өзінің белгілі бір дәрежеде құрбандыққа шалынатынын, тәуекелге бел буатынын түсінуі керек», - деп кідірді ай-хай 25 жастың белесіне енді жақындаған спортшы бетіндегі «кәсіби» тыртықтарды сипап.
Өскеменнің тумасы балалық шағынан мұзайдынға коньки киіп, доптаяқ ұстап шығуға қызығыпты. Алғашқы әуесқой қызығушылық уақыт өте келе түбегейлі кәсіби спортшылыққа ұласқан. 2011 жылдан «Барыс» сапында ойнап жүрген ол сан қырынан таныла бастады. 2014-2015 жылдары Ұлттық хоккей лигасындағы алғашқы орыс тафгайшы Андрей Назаровтың қоластында жаттығуға ден қойғаны болашақта болатын атышулы оқиғаларға анық ықпал еткені даусыз. Бұл дегеніңіз, өзге командалардың ойыншыларымен жұдырықтасулар көп күттірмеді. 2015 жылы «Жыл төбелесінде» ұстасып, жанкүйерлер сол жылы Дамирдің кем дегенде 5 жаға жыртысуға қатысқанына куә болды.
«Негізі көк мұздағы жекпе-жектер бағзы заманнан хоккейдің ажырамас бөлігі саналады және көрерменге ұнайды. Қарсылас команда сапындағы дөрекі әрі қауіпті ойыншылардың аптығын басу, өрескел іс-қимылдардың алдын алу сияқты өз психологиялық мақсаттары бар. Ондай кезде, әсіресе, Ұлы даланы кезген сақтардың ұрпағы, жауынгерлік рухын жоғалтпаған қазақ халқының делебесі қозып, қиқулап отырады. Мұзайдыннан тыс жерде хоккейшілер тез тіл табысатын сырлас дос, үзеңгілес жолдаспыз. Кек сақтамақ түгілі, бір-бірімізбен сағына көрісеміз», - деген Дамир төбелестен бөлек, ең алдымен қорғаушы ретінде шеберлігін шыңдағысы келетінін айтады. Өйткені, өзінің сөзінше, хоккей тұнған ғылым мен қыр-сыры мол күрделі ағза іспетті. Сұхбаттасушымыз конькиде сырғанай жүріп доптаяқпен шайбаны қақпаға дәл бағыттаудың терең тактикасын меңгеру, даму үшін біраз кітапты тауысыпты.
2016 жылы Рыспаев әскер қатарына, Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады. Мұрат – елінің лайықты азаматы болу, өмірдің үлкен сабағынан өту. Әскери өмір оны шыңдады, болашақ спортшы үшін ол жер таптырмас мектеп болды десек артық айтпаспыз. Мысалы, БАҚ бетінде жазылғандай, таңғы сағат 6-да тұрып жүгіруді, 45 секундта жылдам киінуді үйренгенін ғана келтірсек болады.
«Спортты қоюға ерте, әрине. Бірақ қажет болса, бұл саладан қол үзуге дайын болған жөн» дейді кейіпкеріміз спорттық мансабы туралы.
Айтпақшы Дамирдің жеке өмірінде қолдаушысы, сүйікті аруы «Самұрық-Қазына» қорында істейді.
«Сондықтан, Жастар жылын дүбірге бөлеп жатқан «Jas Samuryq» тақырыбы маған да таңсық емес. Барша еңбекші жастарға сәттілік тілеймін!» - деп қоштасты бүгінде жаңа маусымдағы жеңістерге әзірлікке ден қойған «Барыс» хоккей клубының қорғаушысы Дамир Рыспаев.
"SK News" корпоративтік басылымының жаңа нөмірінен осы материалмен бірге баласын хоккейге бергісін келетін ата-анаға кеңесті, жас хоккейшіні дайындауға кететін шығын есебін оқи аласыз: https://sknews.kz/newspaper/read/sk-news-10-120
Алдаберген КЕМПІРБАЙ