«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұйымдастыруымен Ақтау қаласында жыл сайынғы «Munaily Marathon-2026» жарысы өтті. Биыл марафонға 1000 адам қатысты. Олардың арасында ҚМГ компаниялары тобының қызметкерлері, кәсіби спортшылар және Қазақстанның әр өңірінен келген тұрғындар болды. Қатысушылар 5 км және 10 км қашықтықты еңсерді. ҚМГ басшысы Асхат Хасенов барша қатысушыға белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіріп, олардың игі іске қосқан үлесін атап өтті.
— «Munaily Marathon» — әлеуметтік жауапкершілік пен бірліктің жарқын үлгісі, сонымен қатар маңызды спорттық іс-шара. Үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан марафон спортты, салауатты өмір салты мен қайырымдылықты біріктірген жақсы дәстүрге айналды. Өздеріңізге мәлім, ҚазМұнайГаз жалпыұлттық ынтымақтың нышанына айналған Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» ауқымды бастамасына белсене қатысуда. Бұған қоса, ҚМГ әлеуметтік жауапты компания ретінде өз қызметін жүргізетін өңірлерде маңызды жобаларды іске асырып келеді, солардың ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, сондай-ақ спорттық және мәдени нысандардың құрылысы бар. Алдағы уақытта да өңірлерде тұратын азаматтардың өмір сапасын арттыру үшін бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, — деді А.Хасенов.Айта кетсек, қайырымдылық шарасы барысында жиналған барлық қаражат Жаңаөзен қаласындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсететін «Балақай» оңалту орталығына жіберіледі.