Бүгінде «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ел бойынша 46 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Кабинеттерде 3 мыңға жуық бала оқиды. Мұнда оқушылар қарым-қатынас жасау және тұрмыстық дағдыларды дамытып, құрдастарымен өзара әрекеттесуді үйренеді, жаңа бағыттарды меңгеріп, өз қабілеттерін шыңдайды. Бұл жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – балаларға болашақ мамандығын таңдауға және дербес өмірге дайындалуға көмектесу. Былтыр кабинеттердің үш түлегі елордадағы колледждерге оқуға түсіп, IT, дизайн және қолданбалы кәсіптер саласындағы мамандықтарды таңдады.
Басқа оқушылар үшін бұл кабинеттер шығармашылық және техникалық бағыттарда өздерін сынап көруге мүмкіндік береді. Мысалы, №76 мектептің 9-сынып оқушысы Нұрай соңғы екі жыл бойы инклюзияны қолдау кабинетіне барып, аспаздық үйірмеге қатысады. Келесі жылы ол колледжге түсіп, қоғамдық тамақтану саласындағы мамандық бойынша білім алуды жоспарлап отыр. Ал №96 мектептің 8-сынып оқушысы Әмірхан Тоқан 3D-модельдеуді меңгеріп, бүгінде 3D-принтер арқылы түрлі пайдалы бұйымдарды жасаумен айналысып жүр. Инклюзия кабинеттері қор компаниялары тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауымен құрылды.