К 30-летию Независимости Казахстана | 12 мамыр 16:00

Инноватор техник-геолог

Мұнай саласында ерлермен иық теңестіріп, ісіне адал, абыройы биік, қажырлы әрі нәзік әйел адамдар да қызмет етеді. Қаражанбаста игеру басталған жылдары қызметтің қиындығына қарамастан көптеген қыз-келіншек өндіріс өміріне араласты. Солардың бірі – №1 мұнай өндіру цехының техник-геологы Айман Қостанбекова. Батыл да байсалды маман ғұмырының 33 жылын вахталық әдіспен жұмыс істеуге арнап келеді.

Мұнайшылар – бұл ең алдымен инноваторлар мен зерттеушілер, миына мың идея жинаған ерекше жандар. Кейіпкеріміз де жастықтың жалынымен кен орнындағы қызметке келді. Ол 1989 жылы техникумды бітіргеннен кейін ғылыми-зерттеу өндірістік жұмыстар цехына өлшеуші болып жіберілді. Аға буын әріптестер жас маманға қызметінің қыр-сырын тез түсінуге көмектесті. Көп ұзамай Айман мамандық таңдауда қателеспегенін түсініп, тәжірибесін толықтырған соң мұнай өндіру цехының техник-геологы болды.

«Қысыммен, газдармен және өнеркәсіптік сұйықтықтармен жұмыс істеу өте маңызды. 80-90-шы жылдары біз сынамаларды банкаларға қолмен жинап, әр ұңғыманы айналып өттік. Қазір бәрі автоматтандырылған. Біз операторлар әкелетін тәуліктік есептерді базаға тіркейміз», – дейді Айман Қостанбекова.

Әр адамның естелігі құндылыққа толы. Ардагерлер салған сара жол жас мұнайшыларды биік белестерге жетелейді. Кейіпкеріміз жас буынға бұрынғы қиын да қызықты естеліктері мен жүріп-тұру үшін техниканың, жабдықтың, қарапайым көліктің болмағаны туралы жиі айтып отырады.

«Қаражанбас – табиғи байлықпен ғана емес, адамдардың әсерлі әңгімелері, естеліктерімен де бай. Өз мамандығыңызды бағалап, сүю аса маңызды», – деп қорытындылады техник-геолог.

Айман Қостанбекова кәсіби қызметімен қатар, отбасының қамын жасауға үлгеріп жүрген үлгілі жан. 4 баланың анасы перзенттерінің бойына ең жақсы адами қасиеттерді сіңіруге және таңдаған мамандығына адал болуды үйретуге тырысып келеді.