К 30-летию Независимости Казахстана | 30 қыркүйек 14:18

ІТ мамандарға ҚТЖ есігі ашық

Жыл сайын елордада дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Digital Bridge-2022 форумына «ҚТЖ» ҰК» АҚ осымен екінші жыл қатысты. Форумның «Корпоративті сектордағы цифрлық трансформация» панельдік сессиясында ұлттық компания басқарма төрағасының цифрландыру және стратегия жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов ҚТЖ-дағы цифрландыру жобаларымен бөлісіп, бірқатар ІТ компаниялар өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Rail-News.kz. 

"Біз үшін бұл форум – соңғы жылдары өте маңызды және қызықты алаңға айналды. Өткен жылдан бері отандық компанияларды белсенді түрде тартуды трендке айналдырдық. Былтыр ҚТЖ-ның ІТ-инфрақұрылымы, ақпараттық жүйесін жаңғыртудың жаңа бағдарламасын әзірледік. Ақпан айында бизнес өкілдерімен кездесулер өткізе бастадық. Біз технологияларды бірегейлендіру бағытын таңдадық. Бұл ІТ шешімдерді жүзеге асыру сапасын арттыруға мүмкіндік береді", – деді Ә.Ахметжанов.  

Айтуынша, инфрақұрылымның ескі жүйесі көптігіне байланысты Қазақстан темір жолы цифрландыру мәселесінде біраз кедергілерге ұшырады. Соңғы 3-5 жылда ақпараттық жүйені қайта жаңғыртуға қатысты инфрақұрылымды жақсарту бойынша сындарлы стратегия жасауға мәжбүр болды. Қазақстанның барлық аумағында ауқымды инфрақұрылымы бар ҚТЖ үшін оның жағдайы мен сапасы өте маңызды саналады. Осыған орай компанияда басқарма төрағасының бастамасымен Талдау орталығы құрылып, оған жас мамандар, сарапшылар топтастырылуда. Цифрландыруды жүргізбес бұрын сол бизнес процестің өзін оңтайландыру керек, сосын барып ІТ мамандар алынады.  

"Қазіргі таңда бізге ҚТЖ ішінде жаңа экожүйе құратын мамандар аса қажет. Тасымал нарығын  да бәсеке жоғары екені белгілі. Оны жоғары деңгейге жеткізу үшін автоматтандырудың ең биік деңгейіне қол жеткізу көзделеді. Көптеген компаниялар бізге хабарласады және түрлі бизнес-үлгілер бойынша қарым-қатынас орнатуды көздейді. ҚТЖ жалпы алғанда бұл компаниялар үшін қызықты ұсыныстар да бере алады", – деген Ә.Ахметжанов, ұлттық компания цифрландыруда қызықты ІТ шешімдері, идеялары бар отандық бизнес өкілдерімен жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.