Жалпы, көпшілік Жарылғасовтар әулетін өңірдің әлеуметтік, өндірістік салаларында өз қолтаңбасын қалдырған мұнайшы, геолог, энергетик, құрылыс саласының білікті мамандары шыққан үлгілі отбасы деп біледі. Үлкен ағасы политехникалық институтты бітіріп, қарапайым технологтан цех басшысының орынбасары қызметіне дейін өссе, өзге ағаларының бірі энергетик, бірі құрылысшы болды. Балабай Жарылғасов өзі секілді өмірін мұнай саласына арнаса, Қуанбай Жарылғасов бүгінде құрметті еңбек демалысында.
Әкесі Наурызбай Жарылғасов математика пәнінен сабақ берген Маңғыстау өңіріне белгілі ұстаз. Анасы Жұмай Жолдыбайқызы үй шаруасымен айналысып, жеті баланы тәрбиелеп өсірді.
1970 жылы қарашада Жетібай кентінде көп балалы қарапайым отбасында дүниеге келген ол бес ұл, екі қыздың арасында еркелей өскен оның бағдаршамы әкесі болды. 1988-1993 жылы сол кездегі В.И.Ленин атындағы политехникалық институтқа оқуға түсіп, геолог мамандығын игеріп шығады. Бүгінде Ақтау қаласының еңселі оқу орнына есімі берілген Шахмардан Есенов Гүлсімнің таңдаған мамандығы бойынша тәлім беріп, алға қойған мақсат-мұраттарына жол сілтеген ұстазы болған-ды.
«Ерте кезден геологиялық жұмыстарға етене араласып, еңбек етіп келеміз. Жылдар бойғы жиған өмірлік тәжірибемнен түйгенім – геолог болу үшін ерекше талап-жігер қажет деп ойлаймын. Әсіресе, есте сақтау қабілетің жақсы болуы керек. Ұңғымалардың сипаттамаларын алдын-ала біліп отырасың. Бүгінде цехтың атмосферасы жақсы. Жарты өмірің осында өтеді ғой. Сондықтан үзеңгілес әріптестермен бір отбасының баласындай араласып кеткеніміз де рас. Өз басым әркез өзіме қалағанды өзгеге де қалап тұрамын. Сондықтан болар, жаныма жақсы адамдар үйіріледі. Еңбегіміз басшылық тарапынан әркез еленіп тұрады. 2012 жылы Басқарманың Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, «Қазақ мұнайына – 120 жыл» төс белгісімен марапатталдым», – дейді Гүлсім.
Гүлсім жұмыс істейтін қабат қысымын ұстау цехының геология бөлімінде 4 адам жұмыс істейді.
«Бізге берілген тапсырманы өзара талқылаймыз. Жоспарлы межені орындауға бар күш-жігерімізді саламыз. Ауызбіршілігіміз жақсы. Өзімізден кейінгі жас буынға шама-шарқымызша бағыт-бағдар көрсетіп, көмектесіп отырамын. Қазір талапты жас мамандар көп, соған көз қуанып, көңіл орныға түседі. Болашақ осы жастардың еншісінде ғой. Сол себепті бар білгенімізді үйретіп, жиған тәжірибемізді үлгі етіп, ақыл-кеңесімізді беріп отыру – біздің бір міндетіміз», – дейді ол.
Жүрген ортаңа қадіріңді асыру кез келгеннің пешенесіне жазылмаған бақ. Тегінен берілген тектілік, қазақы тәрбие өмірлік жолдасы болып келеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, өз жұмысына асқан ұқыптылықпен қарайтын Гүлсімнің беделі басым, абыройы асқақ.
Гүлсім бүгінде құдай қосқан қосағымен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. Үлкен ұлы 2015 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін тәмамдап, IT мамандығы бойынша кәсібінен несібесін айырып жүр. Қызы болса биыл 11-сыныпты аяқтайды. Гүлсім апа қызының психолог мамандығына оқуға түскенін құп көреді екен. Айналасына шуағын шашып, ізгілік тілеп жүретін жан адам жанының ем-шипасы болған психология саласына қызым қызығушылық танытып, таңдар болса болашағы да баянды болар деген үмітте.