К 30-летию Независимости Казахстана | 22 қазан 11:00

ҚАЭС бас директоры ҚазҰУ студенттеріне дәріс оқыды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Физика-техникалық-факультеті Теориялық және ядролық физика кафедрасында «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин көшбасшылық дәріс оқыды.

Дәріске факультет студентттері, магистранттары және оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Көшбасшылық дәрістің алғысөзінде Физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен: «Еліміздің ядролық ғылымы тіректерінің бірі болып табылатын ҚазҰУ осы саладағы отандық, халықаралық байланыстарды тереңдетіп дамытуға ерекше ықыласпен қарайды. Еліміздегі жоғары дәрежеге жеткен тұлғалардың көшбасшылық дәрістерін ұйымдастыру университеттің студенттері мен жас ғалымдарына зор тәжірибе мен үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Болашақта компания мен университет және факультет арасында тығыз байланыс орнайды деп сенеміз. Ол еліміздің атом энергетикасына маман-кадрлар дайындауда үлкен мүмкіншілік береді деп үміттенеміз», – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы еліміздің көміртегі мөлшерін азайту міндеттемесін алғанын ескерсек, бізге жаңартылатын энергия көздерінің жиынтық қуатын әлі де арттыра түскен жөн. Оның үстіне электр энергиясын тұтыну қарқынының ұдайы өсуіне байланысты энергия тапшылығы қазірден сезіле бастады. Осы орайда Президент аталған мәселенің тиімді шешімінің бірі атом электр стансасын салу екенін айтты.

 

Өз кезегінде сөз алған дәріскер атом энергетикасы, жасыл экономика бойынша тоқталды.

«Бүгінде әлем жасыл экономикаға бет бұрып жатыр. Атом энергетикасы белсенді дамып жатыр және қазіргі заманғы 3 және 3+ буын реакторлары екінші буын реакторларына қарағанда едәуір мықты. Мұны азаматтық авиацияның даму эволюциясымен де ұқсастыруға болады. Мысалы, кезінде алдымен шағын ұшақтар пайда болып, оларға қойылатын талап «тек ұшу еді», содан кейін үдемелі даму процесі жүрді, ұшақтар сенімдірек және үнемді бола бастады. Ал бүгінгі таңда біз үлкен де сенімді лайнерлерде қорықпай ұша алатын жағдайға жеттік. Бұл салада бізде тәжірибе де бар», – деп атап өтті Тимур Жантикин.

Ол сонымен қатар электр энергетика саласының дамуы аясында атом энергетикасы, АЭС орнату аймағын таңдау, реакторлар, жобаны іске асыру схемасы мен механизмдері, кадрлар және сын-қатерлер мәселесін қарастырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, АЭС салу мәселесінде Қазақстан Үкіметі ең алдымен қауіпсіздік пен экономикалық параметрлерді ескереді, одан кейін маңызды шешімдер қабылданады.

Іс-шара барысында физика-техникалық факультетте білім алып жатқан болашақ мамандар өз тараптарынан сұрақтар жолдап, өзара пікір алмасты.

 

Сауал-жауап кезеңінен кейін Тимур Жантикин Теориялық және ядролық физика кафедрасының оқу үлгерімі ең жоғары көрсеткішке ие үш студентіне «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС тарапынан бір реттік стипендия сертификатын табыстады. Мұндай қолдауға ризашылықтарын білдірген студенттер бұл марапат оларға ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге, мықты маман болуға серпін бергенін жасырмады.

Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Медеу Абишев бәсекеге қабілетті маман болу үшін, атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолданып, елдің электр энергиясының дамуына еңбек ететін болашақ мамандар үшін көшбасшылық дәрістің зор мағынаға ие болғанын айтты.