К 30-летию Независимости Казахстана | 03 қараша 16:00

ҚАЭС басшысы Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқыды

Гумилев атындағы ЕҰУ Физика-техникалық факультеті Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар халықаралық кафедрасында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикиннің көшбасшылық дәрісі өтті.

Студенттер, магистранттар және докторанттарға дәріскер «Атом энергетикасы» тақырыбында презентация жасады. Атом электр станцияларында электр энергиясы қалай өндірілетіні туралы баяндап, ядролық реакторлар түрлеріне тоқталып өтті. Ядролық реакторлардың жаңа буындары бойынша сипаттама жасап, еліміздегі ядролық отын циклі туралы мағлұматтар берді. Көміртексіз энергетикалық кешен туралы мәлімдеді.

Көшбасшылық дәріс мемлекет басшысы айтқан білім алудың және өндірістік құзыретке қол жеткізудің аса маңыздылығы аясында мазмұнға ие болды. Физика-техникалық факультетінің деканы Ерік Нұрмолдин мазмұнды дәріс үшін алғыс айтып, әріптестік байланыстың нығая түсуіне ниет білдірді.

 

Дәріс барысында білім алушылар сауалдарын жолдап, пікір алмасты. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС факультеттің үздік алты студентіне бір реттік демеушілік шәкіртақы табыстап, кәдесыйлар ұсынды.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС ұсынған бір реттік демеушілік шәкіртақыны иеленген Гумилев атындағы ЕҰУ Физика-техникалық факультетінің үздік білімгерлері:

Айза Мурзагарина – 2 курс. Иван Овчинников – 2 курс; Азамат Саймұха – 3 курс; Рамазан Жаппар – 4 курс; Алина Рахманкулова – 5 курс; Игнат Голота – 5 курс.