К 30-летию Независимости Казахстана | 05 января 10:12

Кәсіби шеберлікті анықтауға арналған электрмонтерлер байқауы

Еліміздегі электр энергетикасы саласындағы бас­ты компания – «Электр желілерін басқару жө­ніндегі Қазақстан ком­паниясы «KEGOC» ак­цио­нерлік қо­­ғамы электрмон­тер­лер­дің кәсі­би ше­бер­лігін шыңдауға ар­нал­ған жарыс өткізді.

Бұл іс-шара үшін «KEGOC» АҚ-ға қарасты «Алматы ЖЭТ» филиалының 500 кВ «Алма­ты» қосалқы стансасының жанын­дағы оқу-жаттығу полигоны таңдап алынды. Биіктігі 42 метр­ге дейін жететін бағандарға тар­тылған әуе электр жеткізу желі­леріне қызмет көрсету бо­йынша шеберліктерін шыңдауға ком­панияның өңірлердегі фи­лиал­дарының электрмонтерлерінен жасақталған 9 бригада қатысты.

«Биылғы байқаудың екі ерек­шелігін атап өткім келеді. Бірін­­­шіден, бәсекелес 9 коман­да­­ның бәрінің дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Екін­шіден, байқаудың жалпы жүлде қоры 11 100 000 теңгені құрады, яғни бұл бұрынғы байқауларға қара­ғанда 4 есе көп. Шын мәнін­де электрмонтерлердің жұ­мысы көзсіз батырлық пен ас­қан жүректілікті талап етеді. Ха­лық­ты сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын энергетик мамандарымыз бұдан да жоғары марапаттарға лайық деп есептеймін. Себебі 42 метрлік биіктікте тілсіз жаумен арпалысатын электрмонтерлерді бүгінгі бейбіт заманның батырлары деп айтар едім», - дейді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаев.

 

 

Жарыс барысында командалар алты кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Атап айтқанда, нормативтік-техникалық құ­жат­таманы білу деңгейі және теориялық дайындық, зардап шеккен адамды (манекенді) электр тоғының құрсауынан босату, оны 220 кВ әуе желісінің тірегінен түсіру және дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету, түрлі ақауы бар шыны оқшаулағыштарды ауыстыру кезіндегі шеберлік, тірек аралықтарындағы кергілердің қашықтықтан басқарылатын ақауы барларын ауыстыру және арнайы құралдарды қолдана отырып, 220 кВ әуе желісінің анкерлік металл тірегінің сым шлейфін жалғау дағдылары.

«Мұндай кәсіби байқау соңғы рет 2019 жылы өткізілген болатын. Содан бергі төрт жылда электрмонтерлердің кәсіби деңгейлері едәуір артқаны байқалады. Өйткені командалар арасындағы ұпай сандарында айтарлықтай айырмашылық болған жоқ. Яғни олар ұпай жинаудан иық тірестіріп отырды. Бұл электрмонтерлердің жоғары біліктілік деңгейі мен үлкен дайындығын көрсетеді», - дейді байқаудың ұйымдастыру жұмыстарына бастан-аяқ қатыс­қан «Алматы ЖЭТ» филиа­лы электр жеткізу қызметінің бастығы Бекжан Рауаянов.

Төрт күнге созылған кәсіби жарыстың қорытындысында І орынды «Ақмола ЖЭТ» филиалының командасы жеңіп алды. ІІ орынды «Солтүстік ЖЭТ» филиалының электрмонтерлері иемденді. Ал жүлделі ІІІ орынды «Шығыс ЖЭТ» және «Оңтүстік ЖЭТ» филиал­да­рының командалары өзара бөлісті.

«Ақмола ЖЭТ» командасының құрамында алты адам болды. Олардың барлығы Ақмола ЖЭТ филиалынын ӘЖ-леріне қызмет көрсету бойынша шеберлер мен электромонтер болып жұмыс істейді. Командаға қабылдану үшін бұл қызметкерлер филиал полигонында алдын ала іріктеу кезеңінен өткен. Жақсы нәтиже көрсеткендері ғана суырылып шығып, негізгі топқа қабылданды.

«Бұл жарыс біздің жұмысымыздың қаншалықты күрделі әрі қауіпті екенін көрсетті. Біздің әрқайсымыздың мойнымызда өте үлкен жауапкершілік бар екенін сезіндірді. Жарыс ашық әрі әділ болды. Төрешілер әр командаға өзіне лайықты бағасын берді. Сайыс қорытындысы бойынша біздің команда бірінші орынға ие болды. Командамды жеңісімізбен құттықтаймын! Ұйымдастырушыларға рахмет айтамын. «KEGOC» компаниясы өркендай берсін! Барлығымыз биіктерден көріне берейік», - деді Ақмола ЖЭТ филиалының, Петропавл аумақтық электр тораптары басшысы әрі команда капитаны Бахтияр Қызыров.

«Есімде екінші кезеңнің тапсырмасы ерекше қалды. Біз зардап шегушіні яғни манекенді тума кернеуден әсер ету аймағында орналасқан 220кВ ПС3-ПС4 ӘЖ У-220-3 типті 220кВ ЭЖ-нің №1 анкерлік металл тірегіндегі әсерінен босату және оған тренажерді қолдана отырып, дәрігерге дейін көмек көрсетуіміз керек болды. Біздің топ бұл сайыста жәбірленушіні тіректен шығарудың ең үздік уақытын көрсетті», – деп атап өтті Ақмола ЖЭТ командасының мүшесі, электрмонтер Айдар Кодорменов.

«Кәсіби шеберлікті анықтауға арналған байқау төрт күнге созылды. Барлық командалардың жақсы дайындалғаны көрініп тұрды. Алматы ЖЭТ филиалы полигонының дайындығын ерекше атап өткім келеді. Себебі, дайындықтары өте мықты болды. Оңтүстік астананың қонақжайлығы үшін рахмет», - деді Көкшетау аумақтық электр тораптары басшысы әрі Ақмола ЖЭТ командасының мүшесі Берік Қалымов.

Жеңімпаз атанған «Ақмола ЖЭТ» командасы биыл ТМД электржелілік компаниялары ара­сында өтетін халықаралық кә­сіби шеберлікті шыңдау бірін­шілігінде Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Сондай-ақ байқау аясында жекелеген аталымдар бойынша да жеңімпаздар анықталды. «Ақтөбе ЖЭТ» филиалының қызметкері Нұржан Қуатов – «Үздік шебер», «Батыс ЖЭТ» филиалының қызметкері Аянбек Қабиев – «Үздік электрмонтер», «Сарыбай ЖЭТ» филиалының қызметкері Мұрат Бармақов – «Еңбек майталманы», «Орта­лық ЖЭТ» филиалының қызмет­кері Дидар Майжақанов «Үздік рұқсат беруші» атанды. Ал «Қауіпсіздік техникасы білімі бо­йынша үздік филиал» ко­ман­­далық аталымы «Алматы ЖЭТ» филиалының командасына берілді.

 «Орталық ЖЭТ» филиалының қызметкері Дидар Майжақанов жарысқа бір ай бойы дайындалған. «Үздік рұқсат беруші» аталымы бойынша жеңіске жеткен ол сайыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Бастысы ол басқа филиалдардағы әріптестерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

«Басқа ЖЭС-пен тәжірибе алмасу қызықты болды. №5 кезең: монтаждық арбаны қолдана отырып, фазааралық жақшаны ауыстыру ерекше есте қалды. Басқа филиалдардың дайындық деңгейлері жоғары болды», - дейді Дидар.

«Үздік рұқсат беруші» аталымының жеңімпазы Қарағанды жоғары политехникалық колледжін «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары» мамандығы бойынша бітірген. Компанияға конкурстық іріктеу бойынша қабылданып, бүгінде өңірдегі электр беру желілерінің үзіліссіз жұмыс істеуіне жауап береді. Жұмысына жауапты, тиянақты маман. Оған «KEGOC» акционерлік қоғамының корпоративтік құндылықтары: еңбекті қорғау, корпоративтік рух, төзімділік және ашықтық айрықша ұнайды. Дидар Майжақанов мықты маман болумен қатар өнегелі отбасын да құра білген азамат. Ол – төрт қыздың әкесі.

Жекелеген аталымдар бойынша жеңіске жеткендердің бірі - Нұржан Қуатов. Ол «Ақтөбе ЖЭТ» филиалының қызметкері. «KEGOC» компаниясы ұйымдастырған байқауда «Үздік шебер» аталымының иегері атанды. Ол бұл компанияда 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

«Конкурсқа бес ай дайындалдым. Байқау өте жоғары деңгейде өтті. «Адам құтқару» екінші кезеңі ерекше есімде қалды. Себебі, берілген тапсырманы уақытынан бұрын бітірдім. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Дайындық жұмыстарының өте жақсы екені көрініп тұрды. Байқаудан үлкен тәжірибе алдым. Жаңа әріптестеріммен таныстым», - дейді «Үздік шебер» аталымының жеңімпазы.

Осы компанияда жұмыс істеу Нұржанның арманы болатын. Себебі, компания жұмыс істеуге барлық жағдайды жасаған. Нұржан Қуатов әуе электр желілерінің апатсыз жұмыс істеуіне жауапты, ақаулар болса, оны тауып, жөндеу жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ, ол екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Оның басты ұстанымы – елге адал қызмет ету. 

Жалпы электрик мамандығы аса қауіпті саналады. Бұл қызметте бастысы техникалық қауіпсіздік. Өйткені, жіберілген бір қате адам өміріне татиды. Мұны байқауға қатысқан барлық қатысушылар жақсы түсінеді. Осындай шеберлік байқауларын «KEGOC» ак­цио­нерлік қо­­ғамы жыл сайын өткізеді. Ондағы мақсат - сала қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, заманауи әдіс-тәсілдерін көрсетіп тәжірибе алмасу. Сонымен бірге, жастардың энергетика саласына деген қызығушылығын арттыру. Себебі, қазіргі күнде елімізде энергетик мамандары тапшы.

Әсем Сартбаева