К 30-летию Независимости Казахстана | 28 ақпан 17:22

Қаламқас кеші көңілді

Ел экономикасына еселеп үлес қосып отырған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы өз қызметкерлерінің рухани қажеттілігін де ерекше назарда ұстайды. Мәселен, жыл сайын компанияға қарасты өндірістік басқармаларда мерекелік шаралар, концерттік бағдарламалар, өнер сайыстары ұдайы ұйымдастырылады. Бүгінде мұнайшылардың өз әдеби, мәдени ортасы қалыптасып та үлгерді.

«Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында өнерпаз мұнайшылардың басын қосып, атадан балаға мирас болған төл өнерімізді дәріптеген, дәстүрлі ән, жыр-терме, поэзия саласын ұштастырған «Қаламқас кештері» өтті. Аталған шараға жазушы, ақын, әзіл-сықақ жанрының майталманы Ерекен Қорабаев, «Қарақат» өнер мектебінің жетекшісі Нұрсинат Жакешова, жыршы-термеші, республикалық байқаудың жеңімпазы Ізмұрат Молбаев арнайы келді.

«Бұл менің Қаламқасқа алғаш келуім емес. Мұнайшылар жыл сайын құрметтеп шақырғанда қуанып қаламын. Азды-көпті еңбегімізді бағалап, менің әзілдерімді жақсы көретін патша көңілдеріңізден айналдым. Бүгінгі кеш қатып қалған сценариймен өткен жоқ, арқа-жарқа ауылдағыдай әңгіме айтып, мәре-сәре болдық. Осы рухани кештің тұрақты өтуіне мұрындық болған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына, елпілдеп жүгіріп жүрген ұйымдастырушы Еділ Бекмүратқа алғыс айтамын. Өндіріс пен өнерді қатар алып жүрген кенорнының болашағы жарқын болғай!» – дейді Ерекен Қорабаев.

 

Кеш барысында Қаламқас мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген мұнайшы өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. «ОСК» мекемесінің қызметкері Ескендір Науханов әсем әнмен әрлесе, Нұрсинат Жакешова күмбез күй тартып кеш көркін қыздыра түсті. Жыршы-термеші Ізмұрат Молбаев қонақ кәдесін ұлт өнерінің маржан-жаухарларымен жалғады.

Ұлттық өнерді паш еткен шараға куә болған жұртшылық алғыстарын айтып, игілікті бастаманың жалғасты болуына шынайы тілектестік білдірді.

«Екі сағаттың қалай тез өте шыққанын байқамадық. Өте әсерлі кеш болды. Әсіресе, Ерекен ағамызды жыл сайын асыға күтетініміз рас. Ағаның әзілдерін жақсы көрмейтін қазақ жоқ шығар», – дейді тарқай алмай тұрған мұнайшы қауым.

Ал былтыр ғана өткен «Қазақ мұнайының 120 жылдығы және Қаламқасмұнайгаз өндірістік басқармасының 40 жылдығы аясындағы үлкен кеш әлі күнге көпшіліктің көңілінен кете қойған жоқ.