Меморандумға қол қою іс-шарасына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Лукойл» ЖАҚ өкілдері қатысты.
«Қаламқас теңіз — Хазар» — Қазақстандағы ең ауқымды әрі күрделі технологиялық құрылыс жобаларының бірі. Жоба бойынша мұзға төзімді екі теңіз стационарлық платформаны, жағалау технологиялық кешенін және платформалар мен жағалау инфрақұрылымын байланыстыратын теңіз желілік нысандарын салу қарастырылған.
Жобаның маңызды аспектілерінің бірі – теңіз платформалары алғаш рет Қазақстан верфтерінде салынатын болады. Отандық кеме жасау мен мұнай-газ саласын дамыту үшін маңызды қадам жасалып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және аралас салалардың дамуы қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта жобалық құжаттама (FEED, Front End Engineering Design кезеңі) халықаралық стандарттар бойынша әзірленуде, одан кейін ол Қазақстанның заңнамалық және техникалық талаптарына сай келтіріледі.
Меморандум «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің былтырғы Жарлығына сәйкес мемлекеттік сараптаманың мамандарын ерте кезеңде тартуды көздейді. Бұл Жарлық халықаралық стандарттар бойынша әзірленетін жобалық-сметалық құжаттаманы қазақстандық нормативтерге міндетті түрде сәйкестендірмей жобаларды іске асыруға рұқсат етеді, бұл мерзімдерді едәуір қысқартады.