К 30-летию Независимости Казахстана | 22 қазан 11:47

Қаламқас мұнайшылары ақын Рахат Қосбармақпен кездесті

Ақынға «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы тарапынан сый-құрмет көрсетілді.

Қаламқас кенорнында Қаламқас мұнайының 45 жылдығына және Кәсіподақтар күні мерекесіне орай, өндіріс жастарының бастамасымен ұйымдастырылған, Қазақстанның танымал ақыны, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның «Жазушылар және журналистер Одағы» мүшесі, Бейнеу ауданының құрметті азаматы Рахат Құсайынұлы Қосбармақпен «Маңқыстау – майлы қиян, кең түбегім, Сен десе семсер-жырмен серпілемін» атты әдеби-танымдық және рухани кеш өткізілді.

Кездесуде ақиық ақынымыз қазіргі қоғамдағы әлеуметтік дертке айналған бірқатар келеңсіз жайттарды тілге тиек етіп, отбасы құндылығы, ұлттық тәлім-тәрбие жайында ой қозғады, өз кеңестерін ортаға салды. Рахат Қосбармақтың екі жол өлеңін тақырып етіп алынған аталмыш кеш мұнайшыларға үлкен әсер қалдырды, көрермендерден сұрақтар да аз болған жоқ.

 

Шығармашылық кештің соңында Қаламқас кенорнындағы Жас мамандар кеңесінің төрағасы Болатбек Әділов мұнайшылар атынан ризашылығын білдіріп, ақынның шығармашылығына табыс тіледі. Ақынға «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы тарапынан сый-құрмет көрсетіліп қонақасы берілді.