К 30-летию Независимости Казахстана | 29 наурыз 12:00

Қаламқаста жаңа мұнай дайындау қондырғысы іске қосылды

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жаңа технологияларды енгізу, өндірісті жаңғырту және қолданыстағы жабдықтарды жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Қазіргі заманғы технологияларды табысты енгізудің жарқын мысалы Қаламқас кен орнында жаңа мұнай дайындау қондырғысын (МДҚ-3) пайдалануға беру болды.

Қаламқас кен орнындағы алғашқы МДҚ кешені 1987 жылы пайдалануға берілді және нормативтік 20 жылдың ішінде 35 жыл жұмыс істеді. Іс жүзінде қондырғы физикалық және моральдық жағынан толық тозған, қолданылатын техникалық құралдар айтарлықтай ескірген, ал жабдықтарды жөндеуге арналған қосымша бөлшектер жоқ. 2002 жылы қуаты жылына 2,1 миллион тонна болатын екінші МДҚ кешені іске қосылды, оны пайдалану мерзімі де аяқталуға жақын. Мұндай жағдайда блоктардың бірінде апатты жағдай бола қалса мұнай өндіру күрт төмендеп кетуі мүмкін, тіпті кен орнын тоқтату қаупіне әкелуі әбден ықтимал.

Осыған байланысты «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылығы «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ МКДжАЦ базасында жылына 3 миллион тонна мұнай дайындау қондырғысын салу туралы шешім қабылдады.

«Мұнай дайындау қондырғысы кешенін салу - бұл үлкен еңбекті қажет ететін процесс, - дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ күрделі құрылыс департаменті директорының орынбасары Қажымұхан Жоланбаев. - Жабдықтар күрделі және ірі көлемді болғандықтан, жобаны іске асыру кезеңдерге бөлініп, бірнеше жыл бойы жүргізілді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, нысан өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық әріптестерімізге, сондай-ақ басқа да құрылымдық бөлімшелер мен мердігерлік ұйымдардың қызметкерлеріне табысты жұмыс істегені үшін алғыс айтқым келеді, біз бірлескен күш-жігерімізбен күрделі техникалық жобаны іске асырдық».

 

«Қондырғының іске қосылуымен қызмет көрсетуші қызметкерлердің жұмысы едәуір жеңілдеді, - дейді «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ мұнайды дайындау және тұрақтандыру шебері Әбен Аманқұлов. - Жаңа кешен толықтай автоматтандырылған, жұмыс істеу әлдеқайда жақсы әрі ыңғайлы болды. Ең бастысы, егер ескі құрал-жабдықтарды пайдалану кезінде күтпеген тоқтаулар орын алған болсан, бүгінде мұндай қауіп жойылды және біз жаңа қондырғы ұзақ әрі сенімді қызмет етеді деп үміттенеміз».

Технологиялық жаңғырту, жаңа технологияларды дамыту, еңбек қауіпсіздігі деңгейін күшейту, осының барлығы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметінің басым бағыттарының бірі болды және болады, ол тоқтап тұруды қысқартуға, жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығындарды азайтуға және нәтижесінде өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.