Газ цехының жабдықтарды пайдалану және жөндеу слесарі кен орнында 28 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Нұрлан жұмыстан тыс уақытын тиімді өткізуді көздеп, істен шыққан газды реттеу қондырғысының ескі бөлшектерінен шағын макет жасады. Автор туындыны құрастыру және әрлеу жұмыстарына бір айға жуық уақыт кеткенін айтады. Қолөнер бұйымы цех қызметкерлеріне жұмыс процесін көрсетіп, түсіндіру үшін таптырмас құралға айналды.
«Вахтада жүргенде қолданыстан шыққан құрылғы қалдықтарынан жаңа бұйым жасау туралы идея келді. Ойымды жүзеге асырып, газды реттеу қондырғысының макетін жасап шығардым. Оған аса бір ерекше шеберлік немесе қабілет қажет емес, креатив қосса жеткілікті. Бұл жоба жұмысты жоспарлау мен тиімді жүргізуге пайдасын тигізеді деп ойлаймын»,- деді Нұрлан Бахаров.
Жұмысшы жасаған туындысын «Үздік маман-2024» кәсіби шеберлік байқауы кезінде әріптестері мен комиссия мүшелеріне таныстырды. Цех ұжымы мұнайшының шығармашылық көзқарасы мен шеберлігіне оң баға берді.