Іс-шараны Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының қолдауымен ұйымдастырды. Шараға 500-ден астам адам, оның ішінде ҚР орталық мемлекеттік органдары, дипломатиялық корпус, үкіметтік емес сектор, мүгедектігі бар адамдар істері бойынша қоғамдастықтар, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары, ғылыми топтар өкілдері және барша қызығушылық танытқан қонақтар қатысты.
Биылғы БҰҰ күні Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығы, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей өңіріне көмек көрсету туралы қарарының 25 жылдығы аясында өтуде.
Сондай-ақ, шара барысында Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығына орай естелік пошта маркасының тұсаукесері өтті. 2022 жылы 26 қазанда «Естелік жәнемерейтойлық күндер» сериясының маркасы айналымға енгізілді. Марка кескіндемесінің негізі ретінде домбыра таңдалды, себебі қазақтың дәстүрлі домбыра күйі ЮНЕСКО Материалдық емес мәдени мұраның репрезентативті тізіміне енгізілген.
«Пошта және қаржылық қызметтердің ұлттық операторы «Қазпошта» үшін осындай тамаша іс-шараға қатысу үлкен мәртебе. Біз естелік пошта маркасын айналымға енгізуге қуаныштымыз. БҰҰ-мен бірлескен маркаларды шығару жақсы дәстүрге айналған. Қазақстанда пошталық айналымда БҰҰ-ның 50 және 60 жылдығына орай шығарылған маркалар қолданылады. Олар елдер арасындағы қарым-қатынас саласындағы көп жылғы ынтымақтастықтың белгісі», – деді «Қазпошта» АҚ корпоративтік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Сәуле Әбілбаева.