К 30-летию Независимости Казахстана | 11 тамыз 09:30

Қандыағаш теміржолшылары өнер байқауында сынға түсті

Көлік қызметкерлері мерекесі құрметіне Қандыағаш станциясында «Өнерлі теміржолшы» байқауы өтті. Алты теміржолшы бақ сынаған сайыс қызық болғаны сонша, станциялықтарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Рационалистік идея, креативті жобаларда қашан да елдің алдында жүретін Қандыағаш станциясының ұжымы теміржолшылардың төл мерекесіне орай байқау өткізеді деген хабарландыру шыққаннан сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер мен қыздар сайлана бастаған. Төрт бөлімнен тұратын «Өнерлі теміржолшы» сайысына алты теміржолшы қатысты. Станциядағы төрт цехтан іріктелген қатысушылар өзара үш топқа бөлінді. Таныстыру, өнер көрсету талаптарынан бөлек теміржолшылар шапшаңдығы мен білім-білігі сынға түсіп, теміржол терминдерін айтудан да жарысты.

Жаңа Қазақстанды елестетуге мүмкіндік беріліп, қатысушылар шарттарды заманауи оқиғалармен ұштастырып орындады. Рационализаторлық идеяларға ерік беріліп, маскадан тігілген көйлек киіп, «елде енді індет болмасын» деген тілек айтылды.

Сайыс қорытындысы бойынша «Өнерлі теміржолшы» болып «Барыс» тобы танылды. Ал «Раушан» тобы – «Тапқыр теміржолшы», «Қызғалдақ» тобы – «Шапшаң теміржолшы» номинациясын жеңіп алды.

«Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамастан жыл он екі ай еңбек ететін теміржолшылар тірлігі қандай қошемет пен құрметке болсын лайық. Төл мереке құтты болсын, ортамызда өнерлілер мен білімділер көбейе берсін», – деді командаларды құттықтап, марапаттаған Қандыағаш станциясының бастығы Асхат Мәжитов.

Ардақ Ерубаева

Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»