К 30-летию Независимости Казахстана | 31 шілде 17:37

Қара мұнайдың қара нары

«Еңбек адамы» айдарымыздың кезекті кейіпкері өндіріс саласында жұмыс істеу ең алдымен жоғары жауапкершілікті қажет етеді деп санайды. Арнұр Дүйсенов бүгінде «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында сораптық компрессорлық құбырларды жөндеу цехында слесарь жөндеуші болып жұмыс істейді.

Осы цехтың белді маманы еңбектің қырманын қыздырып, қашан көрсең қалбалақтап кетіп бара жатады. Зырылдап жүргені – жұмыстың реті. Мұндағы қай қызметкердің де қолдары әсте босамайды. Слесарларға артылған жүктің салмағы ауыр.

Еңбек жолын 2004 жылы Қаламқас кенорнында өндірістік жұмыстарды прокаттау, жөндеу цехында тоқпен және газбен дәнекерлеуші қызметінен бастады.

"Өндірістің қызу тірлігі маған жат емес. Бала күнімізден ауыр тірлікке дағдыланып өстік. Сондықтан болар, ұжымға үйренісіп кеттім. Еңбек өнімділігінің артуына өзіндік қолтаңбамды қалдырып келе жатқанымды мақтан етемін. Келген маманды өз ісінің шебері етіп қалыптастыратын осындай алып өндірісте еңбек ету мен үшін үлкен мәртебе", – дейді кейіпкеріміз.

«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Осы орайда Компания тарапынан құрмет көрсетіліп, мақтау-марапатқа да ие болды. Жайсаң мінезді жақсы ағаның жылдар бойғы тәжірибесіндегі кездескен қиындықтарды қайсарлықпен ноқталағаны, жанына білікті жігіт-желеңді жинап, ұйымшыл ортаны қалыптастырғаны көрініп-ақ тұр. Арнұр Дүйсеновтың ер жетіп, еңбекке араласқалы көргені осы өндіріс. Еңбек жолында таңдай терімен тапқан құрметі, құрметке бөлеп келе жатқан абырой-беделі бар.

 

Аға буын салған сара жолға адал Арнұрдай қаламқастық мұнайшылардың да ел болашағына артқан сенімі мол, үміті үлкен. «Тозар елдің жанжалы көп, озар елдің арманы көп». Болашаққа сенім бар жерде істің оңға басуы даусыз. Сондықтан да қарапайым тірлік кешіп, ел қазынасының молаюына атсалысып жүрген Арнұр Дүйсенов секілді азаматтарды «қара алтынның» қара нарлары десе әсте жарасатындай...

"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ баспасөз қызметі