Бұл жаңалықты өңір басшысы Ерлан Қошанов облыс активінің отырысында мәлімдеді.
"Елбасының 5-ші бастамасын жүзеге асыру мақсатында Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында газ тарату жүйелерінің құрылыстары қолға алынды. Осы жылдың соңына қарай тұрғын үй алаптары газға қосылу мүмкіндігіне ие болады", - деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, облыста Жаңаарқа, Шет, Бұқар жырау, Осакаров аудандарында, сондай-ақ Шахтинск және Жайрем кенттерінде автоматты газ тарату станцияларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ендігі меже - жоспардан жаңылмау және қарқынды төмендетпеу.
2018 жылдың қараша айында бастау алған "Сарыарқа" газ құбырының құрылысын, бүгінгі таңда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры табысты жүзеге асыруда. Таяуда тиісті газ құбырының 820 шақырымына барған Қордың Басқармасы төрағасы Ахметжан Есімов құрылысты уақытылы аяқтауды, сондай-ақ іске қосу жұмыстарының өз мерзімінде бітуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Газ құбырының жалпы ұзындығы 1061 км, ол 1,7 млн тұрғыны бар 171 елді мекенді қамтиды.