Әділ Нұрманов Шайыр ауылында туып өскен. Еңбек жолын өңірдегі алғашқы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің геологы болып бастаған. 1972 жылы келісім-шарт бойынша кешенді экспедициямен геологиялық материалдарды жинап, Солтүстік Бозашыда зерттеу жүргізді. «Аталмыш аумақтың болашағы жоқ» деген болжамдарға қарамастан, геологиялық барлау жұмыстарына рұқсат алды. Бұл 1974 жылдың басы еді.
«Топограф Солодов екеуміз болашақ ұңғымалардың орнын әрең белгіледік. Жоба бойынша, бұл учаскеде он екі таяз барлау ұңғымалары бұрғыланды. Бұрғылауды ортасынан бастау туралы шешім қабылданды. Долгинец-7 ұңғымасынан 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан ұңғымаға К-12 атауы берілді», – дейді ардагер.
26 қаңтарда түн ортасында, ұңғыма 302 метр тереңдікке жетіп, кенеттен мұнай фонтаны атқылады. Бұл күн Бозашы мұнайының ашылған күні ретінде тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Ал осы оқиғаның куәгері саналатын жұмысшылар тобы да еліміздің мұнай-газ саласы тарихында қалды.
«Біз қажетті жағдай жасалмаған қатаң климат жағдайындағы қиын уақытта жұмыс істедік. Бізді жаңа кен орны үшін бір нәрсе жасауға деген ынта мен ықылас алға жетеледі. Қазір мұнайшылардың жас толқыны біз жасаған жұмысты абыроймен жалғастырып келеді. Мен әрқашан біздің компания жаңалықтарын оқимын және әр жетістікке қуанамын. Мерекеде көрсеткен қамқорлығы үшін қаражанбастықтарға көп рақмет», – деді Әділ Нұрманов.