Республикалық додаға еліміздің әр қиырынан үміткерлер жиналып, көкпар, қошқар көтеру, аударыспақ, қазақша күрестен сынға түсті. Жауырыны жерге тимеген балуандар арасында технологиялық көлік басқармасының шебері Жасұланбек Таңатов та бар.
Күресті серік еткен түйе балуан боз кілемде бес кездесу өткізді. Мықты дайындықпен келген әр қатысушыдан басым түсу Жасұланбекке оңай тиген жоқ. Дегенмен ол түрлі тәсілдер қолданып, жарқын нәтижесімен көрерменнің көзайымына айналды. Алайда ақтық сында қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
«Күрес – бірде бағың, кейде бабың басым түсетін қызықты да қиындығы мол спорт түрі. Бүгінгі белдескен балуандар бірінен-бірі өткен мықтылар екен. Несібемізге қарай, күміс жүлде бұйырды», – деді Жасұланбек Таңатов.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен құнды сыйлықтар табысталды. Ал жарыста ерекше өнер көрсеткен Жасұланбекке ұйымдастыру алқасы өгіз сыйлады.