К 30-летию Независимости Казахстана | 18 қазан 16:30

Қаражанбас энергетиктері футбол алаңында бас қосты

Қаражанбаста мұнайшылардың ауыр жұмыс күні мәдени-спорттық шаралармен жалғасады. Бұл жолы электр цехының І вахта ауысымындағы жұмысшылары уақытты тиімді өткізіп, ұжым бірлігін нығайту мақсатында шағын футбол турнирін ұйымдастырды.

Цехішілік жарысқа жүйелік аудандар, электр-монтаждау учаскесі, инженерлік-техникалық жұмысшылардан құралған 8 команда қатысты. Энергетиканың қыр-сырын жетік білетін мамандар жасыл алаңда спорттық қабілеттерін паш етті. Төрешінің алғашқы ысқырығы естілгеннен бастап ойын бірден қыза түсті. Жанкүйерлер қолдауы, сәтті пастар мен жарқын голдар әр кездесудің ажарын аша түсті.

Екі күнге созылған аяқдоп додасында нағыз мықтылар сарапталды. Ұпай сандарына сәйкес, электр-монтаждау учаскесі ІІІ орынға ие болды. №2 жүйелік аудан жұмысшылары ІІ сатыға тұрақтады.

Қарсыластардан басым түсіп, оқ бойы озық шыққан инженерлік-техникалық жұмысшылар командасы чемпион атанды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға мақтау қағаздары, медальдар мен кубоктар табысталды.