Қаражанбас спортшылары әр ойынға мықты дайындықпен келіп, ұжым алдындағы абырой мен жауапкершілікті ерекше сезінеді. Олар бұл жолы «Водник» және «Таушық» командаларымен кездесіп, тартысты ойын көрсетті.
Жарыс басталғалы шеберлігімен, мол тәжірибесімен, мықты ұжымдық рухымен ерекшеленген қаражанбастықтар «Водник» командасын 3:1, «Таушық» құрамасын 6:3 есебімен жеңіп, турнир тізімінің бірінші орынына тұрақтады. Осылайша олар сайыстың 8-кезеңін сәтті аяқтады.
Айта кетейік, аяқдоп бәскесі 15 турға созылады. Сондықтан жеңіске жеткенше босаңсуға болмайды. Себебі әр команда оң нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атануға барын салып келеді. Ал үміткерлер арасынан үздік атанғандарға чемпиондық кубок пен келесі жылғы супер лигаға жолдама беріледі.