К 30-летию Независимости Казахстана | 13 тамыз 17:43

Қаражанбас жастары: «Басты мақсат – елге пайдалы азамат болу!»

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Қоғамның белсенді де жаңашыл буынына қай кезде де артылар үміт зор. Себебі білімді, дарынды, бәсекеге қабілетті жастар қай салаға болмасын серпіліс әкелері анық.

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да 35 жасқа дейінгі жұмысшылар «Жас маман кеңесі» құрамына кіреді. Аталмыш кеңес 10 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қаражанбас жастарының негізгі қызметі мұнай өндірумен тікелей байланысты болса да, олар өңірдегі барлық шаралар мен жобаларға белсенді қатысады.

Компанияның білімді де өнерлі жігіттері мен арулары білім, ғылым, өнер, спорт додаларында көш бастап, инновациялық, әлеуметтік жобаларда да өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Өндірісті өркендетуге үлес қосып жүрген ЖМК мүшелері қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау бағыттары бойынша бірнеше авторлық жобалар дайындады.

«Біздің қатарымызда сегіз қырлы, ойы ұшқыр, ерекше талантты әріптестер өте көп. Жастар - еліміздің болашағы болғандықтан өзіміздің қоғам алдындағы міндеттеріміз бен жауапкершілігімізді сезінеміз. Алдағы уақытқа көптеген тың жобалар жоспарда бар. Басты мақсат - елге пайдасы тиер азаматтар болу», - дейді ЖМК төрағасы Айбек Ұлықпанов.

 

Қаражанбастықтар «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына қарасты мекемелердің жастарымен берік қарым-қатынаста. Олар біліктілік арттыру бойынша оқытуларда, тұлғалық даму тренингтерінде, сондай-ақ өзге де жобаларда бас қосып, тәжірибе алмасады.