Ашылу салтанатында ҚБМ басшылығы қатысушыларды еліміздің мұнай саласындағы қос мерейтоймен құттықтап, жерасты байлығын тиімді әдістермен игеру саласына еңбек сіңіріп жүрген ғылыми қызметкерлер үлесін ерекше атап өтті. Пленарлық отырыста ғалымдар Қаражанбас кен орнында жер қабаттарына бу айдау тиімділігін арттыру әдістерінің бірі — ыстыққа төзімді пакерлерді қолдану тәжірибесі, жоғары температуралы тығыздағыш агент көмегімен жылуды қалпына келтіру технологиясы, қою мұнай өндірудің микробиологиялық технологиясы сияқты бірқатар тақырыптарға баяндама жасады.
Бұдан соң шетелдік сарапшылар ұқсас кен орындарындағы бу параметрлерін анықтауға арналған техникалық құрылғыны құру тәжірибесімен бөлісіп, мұнай ұңғымаларын құмнан химиялық қорғау технологияларын таныстырды. Өз кезегінде Қаражанбас кен орнына зерттеу жүргізген отандық ғалымдар ауыр мұнай эмульсияларын зерттеу жұмыстары туралы айтты. Сондай-ақ кен орны объектілерінде әсер етуші факторларды зерделеу және коррозияға қарсы күрес әдістерін жетілдіру бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Баяндамаларды толық тыңдаған қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді.
Жер қойнауы, табиғатты қорғау жəне тиімді пайдалануға қатысты ғылыми-техникалық прогресте геологияның мəні айрықша. Бұл бағытта жан-жақты зерттеу жүргізіп, мамандардың біліктілігін арттыру назардан тыс қалмайды. Мұндай шаралар нәтижесі кен орнының келешегіне оң ықпал етері анық.